05 қаз, 2018 сағат 12:42

Президент ауылдан көшкендерді ірі қалаларға қалай орналастыру керектігін айтып берді

Үкіметке ірі қалаларға қоныстанып жатқандарға көпқабатты үйлерді тұрғызуды негізге алу керек. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент өз Жолдауында халықтың көбі ендігі кезекте ірі қалаларға тартылатынын атап өтті. Елбасының айтуынша, әлемдік ЖІӨ-нің 70 пайызы ірі мегаполистерге тиесілі.

«18 миллион халқы бар елімізде миллион халқы бар үш қала пайда болды. Олардың екеуі біздің Тәуелсіздік жылдарында пайда болды. Бұл үлкен жетістік. Урбанизацияның ынтасын ешкім тоқтата алмайды. Міне, сондықтан бұл мәселені қалай ретке келтіру керектігін ойлау керек. Маған қала ішіндегі жерлерді беріп, сол жерге құрылыс жүргізуді ұсынады. Ал қалалардың ішінде бос жер жоқ. Бұл бөлек сұрақ. Кезінде билігі бар адамдар алып-алып алған да, өзінің де, өзгенің де пайдасына жарата алмай отыр», - деді Президент.

Мемлекет басшысы қала ішіндегі пайдаланылмаған жерлерді қайтару үшін прокуратураға тапсырма бергенін айтты.

«Кеңес кезінен бізге моноқалалар қалды. Бәрі де кіші қалалар. Қазір кіші қалалар мен кенттерге үлкен ауқымды қаражат жұмсау тиімсіз. Бізге не істеу керек? Астана мен Алматы секілді қалалар қазірдің өзінде ЖІӨ-нің 30 пайызын беріп отыр. Осы екі қалада білім де, ғылым да, үздік мамандар да бар. Сондықтан, Үкіметке ірі қалаларға қоныстанып жатқандарға көпқабатты үйлерді тұрғызуды негізге алу керек. Оларды біз белгілі бір шарттар бойынша сол жерге қабылдаймыз. Болмаса отбасылық жатақхана салуға болады. Ауылдан халықтың көшуін қолдап отырғаным жоқ. Бірақ, ол жерде ешкімді ұстап та тұра алмайды», - деді Президент.