07 ақп, 2020 сағат 12:27

Президент әлеуметтік кәсіпкерлерді белсенді болуға шақырды – Бақытжан Құдияров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға уәде беріп отыр. Президентпен кездесуден кейін кәсіпкер Бақытжан Құдияров осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президенттің әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесуі бұрыннан жоспарланған. Мұндағы мақсат - Мемлекет басшысын біздің жетістіктеріміз, сондай-ақ жұмысымыздағы қиындықтар туралы хабардар ету. Біздің жобаларымыздың басты мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып, оларды әлеуметке бейімдеу. Президентке біздің жұмысымыз ұнағандай сезілді. Яғни, мемлекеттің бұл нарықта жалғыз ойыншы емес екені, бизнесмендердің әлеуметтік кәсіпкерлерге айналуға дайын екені белгілі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдайтынына сендіріп, бұл үрдіс мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарта түсетінін айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бізді белсенді болуға, өз тәжірибемізді БАҚ-та бөлісуге және біздің жұмысымыз туралы бейнероликтер түсіруге шақырды. Біз күзде бизнесмендерді ынталандыру үшін әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша үлкен форум өткізуге келістік. Әлеуметтік кәсіпкерлер неғұрлым көп болса, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүмкіндігі жоғарлайды», - деді Бақытжан Құдияров.

Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандар арасында тәуелділік психологиясының төмендеп бара жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік мұндай тұлғалардың құқықтық қабілетін арттыруға ықпал етеді.

Атап айтқанда, Бақытжан Құдияров денсаулығында ақауы бар адамдарды біріктіруге бағытталған әлеуметтік кәсіпорын - екі дәмхана ашқан. Осы екі кафеде барлығы 27 адам жұмыс істейді. Кафелердің біріне Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы үй-жай бөлсе, екіншісіне «Трафигура Фондэйшн» қоры қаржылай көмек көрсетеді.

Бақытжан Құдияровтың айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлердің өзекті мәселелері - үй-жайларды жалға беру және өнімді өткізу. Мемлекет басшысымен кездесу барысында кәсіпкерлер аталған мәселелер бойынша көмек сұрап өтініш білдірген. Өз кезегінде Президент бұл өтінішті қарауға уәде беріп отыр.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдерімен кездесті.