17 ақп, 2017 сағат 11:13

Полицейлерге қарсы күш қолдану дерегі көбейген

Соңғы жылдары полицейлерге қатысты зорлық-зомбылық қолдану фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істер санының өсуі байқалады.  

Мәселен, тек өткен жылдың өзінде ғана шамамен 600, 2015 жылы 500, 2014 жылы 300-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекеттік органдардың барлық қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін айыппұл көлемін 2 мыңнан 5 мың АЕК-ке дейін (4,5 млн-нан 11,5 млн-ға дейін) ұлғайту және 2-ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру арқылы оны орташа ауыр қылмыс санатына жатқызу жолымен ҚК 380 бабы 1 тармағында көзделген жазаны қатаңдату ұсынылды. Түзету қылмыс үшін 500-ден 10 мың АЕК шегіндегі айыппұл көзделген ҚК 41 бабына, заңнама нормаларына сүйеніп әзірленді», - деп жазды ол.

Садубаевтың  атап өтуінше, айыппұл көлемін жасалған  қылмыстық құқық бұзушылықтың  ауырлығын ескере отырып сот белгілейді.

«Әлемдік тәжірибе зерделенді. Бұл жалпы қабылданған тәжірибе. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыстық озбырлықтан қорғалған болуы тиіс. Бұған қоса, шынайы әрі әділ болуы үшін ІІМ сыртқы қызметтердің барлық қызметкерлерін тасымал регистраторлармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Сонда ұсталған құқық бұзушы өзінің қылмыс жасамағандығын айта алмайды және полиция қызметкерлері де өздерінің лауазымдық міндеттерін асыра пайдалана алмайды»,-  деді Садубаев.