17 мау, 2019 сағат 15:18

Полицей күнделігі: Өгей әкенің зәбірі, «асау жүргізуші»

Бұл оқиға Орал қаласында 2018 жылы 8 желоқсан күні болған. Достық даңғылы, 244-үй мекенжайында жігіттер төбелесіп, маңайдың мазасын алған. Қырағы тұрғындар бірден полиция шақырады. Сақшылар келгенде бұзақылардың бәрі үйге кіріп үлгерген болатын. Полиция капитаны Мұхит Абулхайров пен лейтенант Жандос Құбаевқа төбелестің аяқ астынан тына қалғаны күдікті көріген. Бір кезде 9 қабаттағы пәтерден әйел адамның жанұшырған айғайы естіледі. Көмек сұраған дауысқа қарай жүгіреді сақшылар. Олар 9-қабатқа шыққанда бес жасар ұлдың тамағына пышақ тіреп алған ер адамды көреді. Өгей әке баланың анасын алдына осылай келтірмек болған екен.

Артық қимыл жасаса, өткір пышақ баланың жанын қиятынын түсінген сақшылар ашулы жігітті жаймен әңгімеге тарта бастайды. Жігіт сәл босаңсыған сәтте полцейлердің бірі қолынан пышақты қағып, екіншісі баланы қапсыра құшақтайды. Қас пен көздің арасында болған айқаста бала да, өгей әке де жарақат алмаған.  

1993 жылғы жігіттің ішімдік ішкені кейін анықталды. Оған қарсы Қылмыстық кодекстің 115-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал бейкүнә баланың өмірін бір ажалдан алып қалған қос сақшыны сәбидің туыстары марапаттауды сұраған. Алайда, Мұхит Абулхайров пен Жандос Құбаевқа халықтың жылы сөзі мен шынайы алғысынан асқан биік мәртебе жоқ.

Ал астана көшесінде көлігімен атой салып, бейсауат елдің өміріне қауіп төндірген «асау жүргізушіні»  Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне қарасты жол-патрульдік полиция полкінің инспекторы Жандос Өзбек пен полиция аға сержанты Руслан Шмидт сабасына түсірген болатын.

Руслан мен Жандос қала көшелерін патрульдеу кезінде ешкімге дес бермеген есерсоқ жүргізушіге «құрық салды». 21 қараша күні белгісіз жүргізуші көлік апатын жасап, оқиға орнынан ізін жасырып үргереді. Ертеңінде қала көшелеріндегі камераның біріне күдік көлік түсіп қалады.

«Бәріміз күдікті көліктің соңына түстік. Жүргізуші Кенесары көшесімен келе жатып, Сембинов көшесіне кілт бұрылды. Абай мен Сембинов көшелерінің қиылысына келгенде бағдаршамның қызыл түсі жанды да, күдікті ұзай берді. Сонда да қол қусырып отырмай,  дауыс ұлғайтқышпен жолдың оң жағына қарай тоқтауын бұйырдық. Алғашында оңға қарай ығысқандай болды да, алыстай берді. Сембинов көшесінен солға бұрылған тұста біз де соңынан жеткен болатынбыз. Дауыс ұлғайтқышпен үш рет айтқанда бағынбаса, заңды талап орындалмаған болып есептеледі. Біз сол кезде басқа автопатрульдерге рация арқылы хабарладық», - деп еске алады Жандос Өзбек.

Көлік жүргізушісі қолға түспеу үшін автобусты бүйірімен жанап өтіп, жолда сынып тұрған көліктің сыртынан айналып өтеді. Ал Сейфуллин-Асан қайғы көшелері қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кете жаздайды. Жан-жақтан қыспаққа түскен тізгінші Абай көшесіне қайта түседі. Осы сәтті пайдаланған полиция қызметкерлері көшедегі барлық бағдаршамды қызылға ауыстыра қояды. Қалың кептелістің ортасында қалған «асау жүргізуші» сонда ғана дамылдайды. Руслан мен Жандос осы кезде ұйымдасып әрекет етеді. Жүргізуші олр келгенде есіктің бәрін іштен құлыптап алған болатын.

«Ол қарсылық танытып, есігін ашпай қойды. Мен оң жақ есіктің терезесін кісенмен сындырдым. Қолымды салып есіктің тұтқасын тартып аштым. Осы тұста серіктесім ширақ қимылдап, 2 секундта жүргізушіні сыртқа алып шықты. Қоян-қолтық күрестің әдіс-тәсілдерін қолданып, қолына кісен салдық. Оның үстінен бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Өзінде жүргізуші куәлігі мен сақтандыру полюсі де жоқ екен», - деді Руслан Шмидт.

Жандостың полиция қатарында қызмет етіп жүргеніне 3 жыл. Ол Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қонаев ауылының тумасы. Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатын бітірген. Оны тәмамдай сала әскери борышын өтеуге аттанған. Серіктесі Руслан Шмидт екеуі замандас. Оның да тәртіп пен тыныштық күзетінде жүргеніне 5 жылдай болған. Туып өскен жері - Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылы. Ол Алматыдағы колледждердің бірінде білім алып, Отан алдындағы әскери борышын өтеген. 2013 жылы әскерден оралып, осы салаға бет бұрған. Олар бүгінде құқық қорғау органдары қызметінің қыр-сырына қаныққан білікті маманға айналып келеді.