19 сәу, 2017 сағат 09:24

Петропавл қаласы мен үш ауданды су басуы мүмкін

Жақын күндері Есіл өзенінің деңгейі арнасынан асуы ықтимал. Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Есіл, Қызылжар және Шал ақын аудандарын су басу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қауіпті аймақтардың тұрғындары басқа елді мекендерге көшіріліп жатыр. Есіл ауданының Николаевка ауылынан 114, Жарғайыңнан 90 адам эвакуацияланды. Қазір олар жақын маңдағы ауылдардың мектептері мен туыстарының үйлерін паналап жатыр.

«Бүкіл отбасымызбен Өрнек ауылындағы інімнің үйіндеміз. Малдарды ауыл жанындағы дөңге шығарып жігіттер кезектесіп бағып отыр. Есіл өзенінің деңгейі біртіндеп көтеріліп келе жатқаны байқалады. Қолымызға тек құжаттарымызда ғана алып шықтық. Үйлерді құлыптап кеттік. Жанымызды шүберекке түйіп отырмыз», – дейді Жарғайың ауылының тұрғыны, зейнеткер Барқыт Жолдыбаева.

 

«Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Су кез келген уақытта жолды шайып кетуі мүмкін. Тұрғындарға қауіпті аймақтарға бармауға кеңес беремін. Бұндай жағдайда әсіресе балаларды қадағалау керек», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.

Есіл ауданына қарасты Николаевка және Жарғайың ауылдарынан 130 жылқы, 250 бас ірі қара, 56 шошқа мен 288 қой-ешкі қауіпсіз жерге көшірілді.