24 қаз, 2018 сағат 08:13

Педагог мәртебесін айқындайтын заңға қандай баптар енуі керек?

Педагог мәртебесін айқындайтын заңға енуі тиіс баптар:

1. Білім басқармаларын жергілікті әкімшіліктен ҚР Білім және ғылым Министрлігінің құзіретіне өткізу керек (Мектеп мұғалімдерін өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан осы қадам ғана құтқара алады. Заң бабына қосымша ретінде, "Мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмысқа жеккен шенеунік адамды құлдықта ұстаған қылмыскермен" теңестіріліп, қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс" деп көрсету керек).

2. Мектеп мұғалімінің орташа жалақысы Парламент Мәжілісінің депутаты мен министрдің жалақысының кем дегенде 70 %-на тең болуы тиіс. (Жалақының жоғары болуы мамандыққа деген бәсекені күшейтеді. Бәсеке болған жерде сапа болады)

3. Ер мұғалімдерді 55 жастан, әйел мұғалімдерді 50 жастан зейнетке шығару керек.

4. Мұғалім қауіпті мамандық болып қалды. Сондықтан, мұғалімге қол жұмсаған адамға құқық қорғау органы қызметкеріне қол көтерген адамға тағайындалатындай жаза қолданылуы тиіс.

5. Бюджеттен мектептерді жөндеуге бөлінген қаражат БАҚ бетінде жариялануы тиіс (Сонда, мұғалімдер мен ата-аналардан мектепті жөндеуге ақша жинау қиынға соғатын болады).
- Заң жобасын дайындауға қатардағы мұғалімдер де тартылуы тиіс
- Заң жобасы БАҚ беттерінде ашық талқыға түсуі керек.

Өмір Шыныбекұлы,

«Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері»