19 қыр, 2017 сағат 09:43

Павлодарда үшемнің ата-анасынан "Сағынтаевтың сыйлығын" тартып алмақшы

Павлодарда ҚР премьер министрі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан пәтер кілтін алған отбасы пәтерсіз қалайын деп тұр, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. Павлодарлық көпбалалы ана Қарлығаш Тәнкешоваға 6 жыл бұрын үшемді дүниеге әкелгені үшін сол кезде облыс басшысы болған Сағынтаев үш бөлмелі пәтер сыйлаған екен.

Телеарнаның мәліметінше, 32 жастағы Қарлығаш Тәнкешованың 9 жастағы Жанар есімді қызы мен Анар, Шынар және Нұрсұлтан есімді үшемі бар. Алты жыл бұрын осы үшемді дүниеге әкелгенде сол кездегі облыс басшысының қолынан үш бөлмелі су жаңа пәтердің кілтін алыпты. Енді бүгінде сол пәтерден айырылу қаупі төніп тұр екен.

"Облыс әкімі сол кезде Бақытжан Сағынтаев өз қолымен кілтті беріп еді. Өте қатты қуандық. Осы үш бөлмелі үйді берді. Ал енді қазіргі жағдайымыз қолымыздағы құжатты ары қарай созбай отыр. Екі ортада тепкіштеп жүр", - дейді көпбалалы ана.

Телеарна мәліметінше, бастапқыда үй құжаттарын еш кедергісіз ұзартып келген отбасын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі былтыр қаржы бөліміне ауыстырдық деп қабылдамай қойған. Ал қаржы бөліміндегілер болса, пәтер қайдан берілсе жалға алу мерзімі сонда созылады деп кері қайтарған. Екі ортада бір жыл сандалған отбасы бұдан соң прокуратураға да барған. Бірақ ондағылар шенеуніктер жалға алу құжатын ұзартудан бас тартпайынша, ештеңе жасай алмаймыз дегенді айтқан.

"Бұл біздің бөлмеміз. Біз бөлмемізде ойнаймыз, сабақ жазамыз. Біз бөлмесіз қалғымыз келмейді", - дейді Тәнкешованың қызы Жанар Сағындық.

Ал шенеуніктер өз кезегінде мәселені сот арқылы шешуге кеңес беріп отыр.

"Аталған азаматшаға мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын "ГоркомхозZ" деп аталатын қазыналық кәсіпорынға ресми түрде арыз жазып және сол жерден ресми түрде жауабын алу қажет. Біз қалалық тұрғын үй комиссиясы өз тарапымыздан ресми түрде жауабымызды бердік, енді осы екі жауаппен азаматшаға қалалық сотқа шағымдану қажет", - дейді Павлодар қаласы қаржы бөлімінің бас маманы Ерік Слан. Телеарна мәліметінше, көпбалалы ана еш жерде жұмыс істемейді. Жалғыз отағасының жалақысы мен төрт бала үшін берілетін он мың теңгеге жуық жәрдемақыға қарап отыр. Енді әйел пәтер кілтін табыстаған бүгінгі премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың өзіне хат жазуды көздеп отыр. (Дереккөз: КТК)

kaz.tengrinews.kz