07 ақп, 2019 сағат 10:18

Павлодар облысында бір отбасы газдан уланып ажал құшты

Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Ұзынбұлақ ауылында бір отбасының төрт адамы иіс тиіп қаза болды. Бұл туралы аудан әкімдігі мәлімдеді.

"Ысты газдан улану салдарынан Бекбатыровтар отбасынан төрт адам – ата-анасы мен 4 және 7 сыныптарда оқитын екі бала қаза тапты", - деді әкімдіктегілер.

Алдын ала болжам бойынша, өткен түні пештен ақау шыққан. Күні бойы отбасынан ешқайсысы байланысқа шықпаған соң сағат 21.00-де туыстарының бірі Бекбатыровтардың үйіне барып, есік ішінен жабық тұрғанын көрген. Ер адам есікті бұзып кірген кезде отбасы мүшелері қимылсыз жатқан.

"Жүктіліктің жетінші айында көз жұмған Наталья Бекбатырованың екі қызы сол күні Баянауыл ауылында оқуда болған, – дейді аудан әкімі аппаратының жетекшісі Қайыргелді Абылғазин. – Олар аграрлық колледждің 1 және 2 курс студенттері. Қазіргі таңда ұстаздар мен дәрігерлердің бақылауына алынған. Балалардың туған әкесі 2014 жылы ақпанда қайтыс болған".

Отбасы әлеуметтік әлжуаз топқа енген. Асыраушысынан айырылған отбасы ретінде ай сайын 50 мың теңге төленген.

Наталья Бекбатырованың анасы мен бауыры, әпкесі Ұзынбұлақ ауылында тұрады, деп жазды pavlodarnews.kz.

Ер адам Қарағанды облысы Осакаров ауданының тұрғыны. Шұбаркөл разрезінде вахталық әдіспен жұмыс істеген.