20 ақп, 2020 сағат 15:20

Павлодар облысында 3,1 млрд теңге көлемінде пайдалы қазбалардың заңсыз өндірісі анықталды

2019 жылы Павлодар облысында 74 келісімшарттық жер қойнауын пайдалану объектілерінде 61 кәсіпорын пайдалы қазбаларды өндірумен айналысқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Экология департаментінің басшысы Ілияс Құрамысов жер қойнауын пайдаланушылардың негізгі бөлігі - әктас, құрылыс тасы, құм, қаптау тасы, саз, кірпіш сазы, құм-қиыршықтас қоспасы, ас тұзы сияқты пайдалы қазбаларды өндірумен шұғылданатындығын мәлім етті. Жер қойнауын пайдалану объектілерін бақылау, пайдалы қазбаларды заңсыз аулауды болдырмау мақсатында аталмыш Департамент облыстың жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Жол картасын әзірледі. Сондай-ақ мобильдік топ құрылды. Жаңа жабдық - Galaxy G1 моделінің ғаламдық навигациялық спутник жүйесін пайдаланудың арқасында 3,1 млрд теңгеден астам сома көлемінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 8 фактісі анықталды.

Ілияс Құрамысовтың айтуынша, Ақсу қаласының ауылдық аймағында Береке кентінің аумағында жерсеріктік жүйені пайдалана отырып жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 23 441,1 текше метр көлемінде құм-қиыршықтас қоспасын өз бетімен өндіру фактілері анықталған. Оның экологиялық залал сомасы 365 млн теңгені құрады. Осындай бұзушылықтарға Павлодар қаласындағы «Достық» шағынауданының құрылыс аумағын жоспарлау бойынша жұмыстарды жүзеге асыру кезінде жол берілген. Кенжекөл ауылдық округіндегі карьерден заңсыз 236 мың текше метр құм алу нәтижесінде сомасы 2,3 млрд теңгеге экологиялық шығын келтірілген. Қазіргі уақытта заңсыз аулаудың барлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.