18 қар, 2019 сағат 14:06

Павлодар қаласында 13 көшенің атауы қазақшаланды

2019 жылы Павлодар облысы мен Павлодар қаласы әкімдерінің атына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Павлодар қалалық мәслихаты бірлесіп қоғамдық тыңдау өткізді, – деп жазады Baq.kz.

Жиын Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен бекітілген "Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру" ережесіне сәйкес өтті. Жиынның күнтәртібінде Павлодар қаласының 13 көшесінің атауын қайта атау мәселесі қаралды.

Көпшілік тыңдауға қала тұрғындарынан қатысқысы келген адамның бәрі келді.

Павлодар қалалық мәслихатының "Азаматтардың құқықтары мен заңдылықтарын сақтау жөніндегі" және "Қала құрылысы мен экология жөніндегі" тұрақты комиссияларының мүшелері (мәслихат депутаттары) көпшілік тыңдауға қатысқан азаматтардың пікірлерін ескере отырып дауыс беру арқылы шешім қабылдады.

Қазақстан Республикасы президентінің идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларын ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгертуді қарастырды. Соның нәтижесінде елді мекендерге және объектілерге атау беру кезінде тарихи тұлғалар мен Қазақстанның бергі тарихында жалпы ұлттық деңгейде танылған тұлғалардың есімдерін беру басты назарға алынды.

Жиын қорытындысында Павлодар қаласының 13 көшесінің атауын қайта атауға ұсыныс жасалды:

Олар:

1. Димитров көшесін – Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) - классик жазушы, мемлекет қайраткері. 2019 жылы туғанына 130 жыл толды;

2. 1 май көшесін – Мәшһүр Жүсіп (1858-1391) - Әулие, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы;

3. Карл Маркс көшесін – Әлихан Бөкейхан - Алашорда Үкіметінің төрағасы. Қоғам және мемлекет қайраткері;

4. Киров көшесін – Ермахан Бекмаханұлы (1915-1966) - тарихшы ғалым, академик;

5. Короленко көшесін – Бұқар Жырау (1668-1781) - Қазақтың ұлы жырауы. Абылай ханның ақылшысы;

6. Ж.Аймауытов көшесін – Ақжол;

7. Володарский көшесін – Желтоқсан - 1986 жылы Алматыда болған көтеріліс;

8. Крупская көшесін – Едіге би (ХҮІІ-ХҮІІІ ғ.ғ.) - Қазақтың аса көрнекті биі. "Жеті жарғы" алғашқы қазақ заңдары жинағының авторларының бірі;

9. Большая Обьездная көшесін – Жібек жолы - Жібек Жолы – ерте замандағы керуендік сауда жол;

10. М.Ж. Көпеев көшесін – Ақбеттау – Баян тауларындағы ең биік шың атауы;

11. Чкалов көшесін – Сағадат Нұрмағамбетов - армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, ҚР алғашқы Қорғаныс министрі;

12. Пахомов көшесін – Қабдеш Нұркин - Соғыс және еңбек ардагері;

13. Бестужев көшесін – Шәкәрім Құдайбердіұлы - ақын, жазушы, философ.