04 қаз, 2019 сағат 16:58

Парижде полицей төрт әріптесін пышақтап өлтірді

Париж полициясының қызметкері жұмыс орнында төрт әріптесін пышақтап тастады, деп хабарлайды ВВС.

45 жастағы Микаэль Харпон жергілікті уақытпен 13:00 шамасында полиция ғимаратына кіріп, тура өз кабинетіне беттеген. Жол бойы кездескен әріптестерінің бәріне пышақ сұға берген. Оны оқиға орнында әріптестерінің бірі атып өлтірген. Бірақ оған дейін баспалдақта екі әйелге, кабинетінде отырған тағы үш ер адамға пышақ сермеп үлгерген.

Париж прокуроры Реми Хейцтің мәліметінше, өкінішке қарай, үш ер адам мен бір әйел қаза тапқан. Әйелдердің екіншісі аман қалған, бірақ хал үстінде жатыр.

Харпонның әйелі шұғыл түрде қамауға алынды. Бірақ прокуратура оған ешқандай айып тағылмағанын мәлімдеді.

Оқиға орнына Франция президенті Эмманюэль Макрон, премьер-министр Эдуард Филипп және ішкі істер министрі Кристоф Кастанер шұғыл жеткен.

Кастанердің айтуынша, Харпон полицияда бағдарламалаушы болып жұмыс істеген, 70% саңырау болған.