#
#
Жексенбі 19/08/2018

Париж ұлттық операсының балеті Астанаға келе жатыр

  • 23.07.2018
  • 0
  • 597


Елордада тұңғыш рет! Шілденің 27-30 аралығында «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында атақты Париж ұлттық опера театрының балет труппасы гастрольдік сапар аясында өнер көрсетпек. Еуропалық балеттің жарқын жұлдыздары қазақстандық көрерменге Gala de Paris атты орасан зор бағдарлама ұсынады. «Астана Опера» симфониялық оркестріне маэстро Владимир Ланде (Ресей – АҚШ) жетекшілік етеді.

Гастроль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығы аясында өтпек. Сондай-ақ турне Париж ұлттық операсының 350 жылдығына орайластырылған.

Paris Opéra Ballet – XIV Людовик патшаның 1661 жылы Корольдік би академиясы ретінде негізін қалаған Париж операсының ресми ұлттық балет труппасы. Бүгінде ұжымның құрамында 150-ден астам әртіс бар, Париж ұлттық опера театрының көркемдік жетекшісі – Орели Дюпон. Жыл ішінде труппа 180-нен астам өнер көрсетеді, олардың әрқайсысы асқақ өнердің шынайы мейрамы болып табылады.

Айта кетер болсақ, әр жылдары балет труппасы Мария Тальони, Джордж Баланчин, Серж Лифарь, Морис Бежар, Ролан Пети, Рудольф Нуреев, Сирил Атанасов, Сильви Гиллем, Анжелен Прельжокаж және өзге де ұлы есімдермен тығыз байланыста аталған. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова 90-жылдары әйгілі сахнада Р.Нуреевтің қойылымдарындағы басты партияларда жарқыраған еді. Әлемге танымал прима Л.Минкустың «Баядерка» балетінде Никияның рөлін орындап, П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетіндегі Одетта мен Одилияның бейнелерін сомдады.

Осы жазда үздік француз әртістері елорда тұрғындары мен қала қонақтарына естен кетпес көңіл-күй сыйламақ. Ерекше әсерге толы Gala de Paris бағдарламасы әлемдегі көне ұлттық труппаның этуальдары, жетекші солистері, солистер мен кордебалет әртістерінің басын біріктірмек. «Астана Операның» Үлкен залы сахнасына Летиция Пюжоль, Сэ Ын Пак, Франсуа Алю, Марк Моро, Пабло Легаса, Аксель Маглиано, Камиль Бон, Томас Докир, Амели Жоанидес, Наис Дюбоск, Исаак Лопес Гомес, Марион Готье, Виктуар Анкетиль, Адель Белем, Жозеф Омер, Джек Газтоут шығып, өнер көрсетеді.

Париж ұлттық операсы балет труппасының бірегей концерттік бағдарламасы Мариус Петипа бойынша В.Шайенің қойылымындағы (музыка авторы А.Глазунов) қанық әрі әсерлі «Раймонда» балетінің үзіндісімен ашылады. Ортағасырдағы рыцарлық аңызға негізделген балет сұлу Раймонда, оның күйеу жігіті – рыцарь-кірескер Жан де Бриен мен сарацин Абдерахман жайлы баяндайды.

Кешті Т.Готьенің аттас өлеңінің желісімен К.М. фон Вебердің музыкасына қойылған М.Фокинның «Раушан гүлінің елесі» балетінен роматикалық па-де-де жалғастырмақ. Би қозғалысы шырмалып өсіп, гүлдеген раушанның икеміне негізделген.

Сонымен қатар өнерсүйер қауым назарына 1949 жылы Париж операсында Д.Обердің музыкасына В.Гзовскиймен қойылған Гран-па классик ұсынылады. Балет өнерінің ең сүйікті жауһарларының бірі көрерменді өзінің реттілігімен, дене тұрысының толықтығымен, шыңдалған техникасымен, әртістік шеберлігімен, сондай-ақ нағыз француздық үлгідегі жеңілдігімен, тапқырлығымен тәнті етеді.

«Манфред» хореографиясын Париж балет труппасына арнап П.Чайковскийдің музыкасына Р.Нуреев жасады. Сюжетке лорд Дж.Г.Байронның драмалық поэмасы негіз болды. Осы балетке арқау болған оқиғалар Байронның өз өмірінен алынған.

Р.Дригоның өңдеуіндегі А.Аданның музыкасына М.Петипа бойынша С.Бертоның қойылымындағы атақты «Корсар» классикалық балетіндегі таңғаларлық па-де-де түрлі ел көрермендерінің көңілінен ерекше орын алған.

Ф.Мендельсонның ми минор ор.64 оркестрмен скрипкаға арналған концертінің музыкасына қойылған С.Бертоның таңдаулы «Ренессанс» балетімен екінші бөлімнің шымылдығы ашылады. Бүгінгі таңда жасалған классикалық стильдегі қойылым париж опера театры әртістерінің дарынын аша түседі. Бірегей әрі сәнді костюмдерді әйгілі француз модельері, Бальмен сән үйінің креативті директоры Оливье Рустен жасады.

«Өлім алдындағы аққу» солосы К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» сюитасынан алынған «Аққу» пьесасының музыкасына М.Фокинмен қойылды. Аққудың нәзік бейнесі өмір үшін күрес нышанына айналады, сезімінің шынайылығы әрі күштілігімен ол жер бетіндегі барша жанның жүректерін тебірентеді.

Кеш барлық әртістердің қатысуымен орындалатын К.Чернидің «Этюд» музыкасымен аяқталады. Труппа күрделі би қимылдары, романтикалық лирикамен қатар классикалық айбындылық, әсерлі секірулер мен пируэттерді ортаға салады. Солистер классикалық балеттің әсемдігі мен қуаттылығын, жоғары деңгейдегі өнер көрсетудің шаттығы мен толғанысын жүректерге жеткізе білуі тиіс.

Әртістер француз балет мектебінде тарихи тұрғыдан қалыптасқан XIV Людовиктен бастап қазіргі заманға дейінгі, Версальдан Гарнье Операсына дейінгі ежелгі би өнері дәстүрін жалғастырушылар болып табылады. Париж ұлттық операсы труппасының күш-жігері мен құлшынысы асқақ өнерді бағалаушы елордалық қауымның жадында мәңгілікке сақталып қалары анық.

Жоба «Қазақ әуендері» қоғамымен бірге жүзеге асырылады.

Басталуы сағат 19:00-де.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар