23 там, 2019 сағат 14:43

Парашютистің қаза болуы: ҚР Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

ҚР Қорғаныс министрлігі Алматы облысында парашютпен секіру кезінде әскери қызметшінің қаза болуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«22 тамызда Қапшағай қаласында әскери қызметшілер Ми-17 тікұшағынан парашютпен жоспарлы секіруді орындады. Полковник С.С. Алдынғұров шамамен 200-250 метр биіктіктен секіру барысында қауіпсіздік техникасын бұзғандықтан негізгі парашюті ағытылып кеткен. Әскери қызметші қосалқы парашютті қолданған, бірақ биіктіктің жеткіліксіздігінен парашют ашылып үлгермеген. Соның салдарынан полковник Алдынғұров қаза тапты», - делінген министрліктің мәліметінде.

Ведомство ақпаратына сәйкес, парашюттен секіру жаттығулары жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жүргізілген.

«Секіруге ауа райыда қолайлы болған. Алдынғұров 100-ден аса секіруді орындаған. Соның ішінде, күрделі, ұзаққа созылған, күндізгі және түнгі секірулер бар. Қазіргі уақытта оқиға себептері анықталуда. Әскери қызметшінің қаза болуы факті бойынша «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» ҚР ҚК-нің453-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды», - деді Қорғаныс министрлігінен.