14 жел, 2018 сағат 07:10

"Ońtústik" арнасының Түркістан қаласындағы студиясы жұмыс істей бастады

Бүгін Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «OŃTÚSTIK» телеарнасының студиясы хабар тарата бастады.

Студия күнделікті «OŃTÚSTIK» телеарнасының жаңалықтарына қосылып, Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы мен атқарылған шаруалар, облыс аумағындағы өзгерістерді баяндайды.

Елбасының Түркістан облысын құру туралы Жарлығы шыққан күннен бастап, Түркістан қаласында «OŃTÚSTIK» арнасының тілшілер қосыны белсенді жұмыс істеп келеді. Студия мен тілшілер құрамы арнайы техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 

Жаңа студияның ашылу салтанатына Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері, қаламгерлері мен телевизия ардагерлері қатысты. Қазақстанның құрметті журналисті Байдулла Қонысбек, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт және т.б жаңа студияның жұмысына табыс тіледі.

«OŃTÚSTIK» телеарнасы 1990 жылдың 5-қарашасынан бері хабар таратып келеді. Еліміздегі ең ірі медиа құрылым «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының филиалы. Арна тәулігіне 18 сағат хабар таратады. «OTAU TV» жер серігі желісі арқылы Қазақстан аумағынан бөлек, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан, ТМД аумағында көрсетіледі.

Айта кетейік, 2017 жылы корпорация көлемінде өткізілген кең көлемді ребрендинг аясында атауы заман талабына сай өзгертілген арна эфирінің 80 пайызға жуығын өз өнімі құрайды.