24 сәу, 2017 сағат 09:15

Өзге радикалды дiни бағыттардың әсерiне iлiккен сарбаздар жоқ - Сәкен Жасұзақов

Елiмiздiң қарулы күштерiнде өзге радикалды дiни бағыттардың әсерiне iлiккен сарбаздар жоқ. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрi, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Мәжiлiстiң ҚР Қарулы күштерiнiң қызметiне арналған Үкiмет сағатында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

Мәжiлiс депутаты Сауытбек Әбдірахманов Қорғаныс министрiне «Президент отаншылдық тәрбиенiң әскерге тiкелей қатысы бар екендiгiн айтқан болатын. Соның iшiнде бiр ғана қырын айтатын болсақ, ол - әскерге шақырылған жастардың арасында өзге радикалды дiни бағыттардың әсерiне iлiккен жастардың болатындығы. Олар армияда атымен жоқ деп әрине айта алмайсыз. Олардың сақалын қырып, әскердiң ұзын шалбарын кигiзумен iс бiтпейтiнi белгiлi. Әскер қатарында, армияда сондай жастармен қандай жұмыс жүргiзiледi?» деген сұрақ қойды.

«Бiздiң қарулы күштерiмiзде елiмiздiң азаматтары өзiнiң әскери борышын өтеп жатыр. Олар «военкоматтарға» шақырылғаннан бастап, келiсiмшарт бойынша қызмет, басқа да қызмет болсын, ең бiрiншi бiздiң психологтың алдынан өтедi. Олар маманның сұрақтарына жауап бередi. Психологтың бiр сұрағы дiнге байланысты. Соның бәрiн қарап шыққаннан кейiн ғана әскерге шақырамыз. Әскерге келгеннен кейiн батальоннан бастап бiздiң әрбiр құрамада психологтар бар. Олар да әскери борышын өтеуге келген солдаттар мен сержанттарды қарайды. Екiншiден, бригадада идеология және арнайы насихат жағынан жұмыс iстейтiн офицер болады. Ол да барлығын тексеруден өткiзiп, командирге баяндама жасайды. Командир өзi қарап, қажеттi жұмыстарды қолға алады. Мерзiм бiткеннен кейiн әскерден кеткен сарбаздардың барған жерлерiне бiз мәлiмет беремiз. Бiз қазiр көп жұмысты IIМ және ҰҚҚ-мен бiрiгiп iстеймiз. Барлығын тексерiп, қаупi барлармен арнайы жұмыс жүргiзiледi. Десек те, қазiргi таңда қарулы күштерде қауiп төндiретiн сарбаздар жоқ», - дедi Жасұзақов.

Атап өтсек, биыл Қазақстан Республикасының Қарулы күштерiне 25 жыл.