30 сәу, 2019 сағат 12:26

Өзекті мәселелер қаралды

Тіл сарайында өткен облыстық кеңестің кезекті отырысында өңірдің өркендеуіне қатысты шешімдер мен қаулылардың орындалу барысы талқыланып, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының игерілуі жайлы сөз болды.

Алдымен  «Алматы облыстық мәслихатының 2018 жылғы 13 желтоқсандағы «Алматы облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» №38-211 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» шешімінің жобасы жария талқыланды. Тақырыпқа қатысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов мәлімет беріп, енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды таныстырды. Жария талқылауға қатысқан кеңес мүшелері жобаға дауыс беріп, қолдау көрсетті.

Одан кейін облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2018 жылғы 19 қазандағы «Акваөсіру (балық өсіру) өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» №497 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасы, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2016 жылғы 18 сәуірдегі «Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» №193 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасы, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 21 тамыздағы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламентін бекіту туралы» №376 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасын жария талқылауға кеңес мүшелері бірауыздан дауыс беріп, қолдады.

Жиында қаралған облыс әкімдігінің «Ашық деректердің интернет-порталында орналастыратын ашық деректер тізбесін бекіту туралы» қаулысының жобасын жария талқылау интернет желісі арқылы жүретіні, соған орай мәліметтердің жинақталуына байланысты жобаны талқылаудан алып тастау керектігі айтылды. Бұл ретте жария талқылауды кейінге қалдыру ұсынысын көпшілік бірауыздан қолдап, арнайы комиссияның қарауынан өтуін жөн деп тапты.

Бұдан соң облыстық мәслихаттың «Алматы облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» шешімінің жобасы жария талқыланып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Абдалиев таныстырған мәліметтер кеңес мүшелерінің назарын аудартты. Оның айтуынша, тұрғын үйге мұқтаж отбасылар ең алдымен алатын баспана құнының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде банкке құюы тиіс. Бұл сома кепіл ретінде қолданылады. Тұрғын үй сертификаты баспана кезегінде тұрған көпбалалы аналарға, денсаулық сақтау, білім, мәдениет сынды салалардың мамандарына беріледі. Өйткені, бұл жоба ең алдымен үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз етуді көздейді. 

Жиын соңында облыстық қоғамдық кеңестің биылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.

Мәди АЛЖАНБАЙ