01 қар, 2019 сағат 08:22

Өзбекстандағы Қазақстан жылы: Мақпал Жүнісова Ташкентте жеке концерт береді

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының өнер ұжымдары ел өңірлеріне керемет тарту жасамақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

60 жылдық тарихы бар «Қазақконцерт» ұйымының «Astana sazy» және «Saz&soul» ансамбльдері халық сүйіп тыңдайтын таңдаулы туындылар мен жаңа шығармалардан тұратын «Қазақконцерт шақырады» концертін ұсынады. Екі ансамбльдің бірлескен концертіне еліміздің талантты мульти инструменталист музыканттары, қазақ музыкасының дамуына жаңаша леп әкелген композиторлар Бауыржан Ақтаев пен Әділжан Толықпаев жетекшілік етеді.

«Қазақконцерт» ұжымдары қазақтың дәстүрлі музыкасы мен эстрада өнері шебер үйлесім тапқан, Ұлы даланың көне музыкалық сарындары заманауи жаңа форматта жаңғыратын ерекше концертті ұсынады.

Концертте халық әндері, Құрманғазы, Ақан сері, Жаяу Мұса, Н.Тілендиев, Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, А.Қоразбаевтың белгілі композициялары жаңа форматта орындалады. Қос ансамбльмен бірге сахнада Қазақконцерт солистері Ерболат Шалдыбеков және Қайрат Сарыбаев өнер көрсетпек. Өнер сүйер қауым қазақ музыкасының ұлылығын, Ұлы Даламыздың кеңдігін паш ететін сазды әуендерді тыңдай алады.

Өнер иелерін алғаш болып Алматы қаласының жұртшылығы қарсы алады. Алматы қаласындағы концерт 2 қараша күні Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концерт залында өтеді. Одан кейін гастрольдік керуен Шымкент қаласында жалғасын табады. Шымкент қаласының өнер сүйер қауымы «Қазақконцерт шақырады» концертін 4 қараша күні Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда тамашалай алады.

«Өнердің озық үлгілерін халыққа қолжетімді ету мақсатында «Қазақконцерт шақырады» концерті тегін өткізіледі. Бұған қоса, концерт көрермендерге тек рухани азық сыйлап қана қоймай, кәсіби жас музыканттарға да жақсы тәлімгерлік үлгі болмақ. Қазақконцерттің республика өңірлеріндегі гастрольдік сапары халықаралық гастрольдерге жалғаспақ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін осы үлкен гастрольдік сапардың соңғы нүктесі – Ташкент қаласы», - деді «Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ташкент қаласының көрермендерін Қазақконцерт солисі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова және «Astana sazy» мен «Saz&soul» ансамбльдері өз өнерімен қуантпақ.