23 мам, 2020 сағат 09:24

Өзбекстанда Сардоба су қоймасына қатысты қылмыстық іс бойынша екі күдікті қамауға алынды

Өзбекстан Реуспубликасының Бас прокуратурасы Сардоба су қоймасына қатысты қылмыстық істі тергеу барысы жөнінде ресми мәлімет таратты, - деп хабарланды ведомствоның Telegram-дағы парақшасында.

«Сырдария облысының Сардоба су қоймасына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары жүргізілуде. Қазіргі кезде аталған қылмыстық іс бойынша екі адам күдікті деп танылды, оларға қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды.

Шындықты анықтауға кедергі туындамауы үшін іс бойынша оған қатысты басқа да мән-жайлары айтылмайды», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, қазір тергеу амалдары аяқталмаған.

Осы апатқа байланысты қылмыстық іс 3 мамырда қозғалған болатын.

Еске сала кетейік, 2 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, елді мекендер, коммуникациялық желі, егістікке зақым келген. Соның салдарынан бір күннің ішінде Түркістан облысында 4 ауылды су басып, 620 үй бүлінді. Мақтарал ауданында 2 мамырда түнгі 00:00-де төтенше жағдай жарияланды.

Айта кетерлігі, Сардоба су қоймасына техникалық аудит жүргізіледі, оған Қазақстан тарапы да қатысады.