20 қаң, 2018 сағат 14:10

Өзбекстан президенті Ақтөбедегі қайғылы жағдайға кімнің кінәлі екенін айтты

Өзбекстан президенті Ақтөбе облысындағыдай қайғылы оқиғаларға нендей жағдайлардың итермелейтінін айтты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің айтуынша, Қазақстанда өртеніп, Өзбекстан азаматтарының қаза табуы өзбек жеріндегі жұмыспен қамту жағдайларының жоқтығын көрсетті. 

"Болған қайғылы жағдай көп нәрсені көрсетіп берді, әсіресе, біздің халықтың алдындағы қарызымыздың көп екенін. Біз жағдай жасап бермеген соң, адамдар жұмысты өзге елдерден іздеуге мәжбүр", - деп мәлімдеді Мирзиеев.

Президенттің айтуына қарағанда, Өзбекстандағы билік пен барлық саладағы басшылардың республикада жұмыс орындарын ашу мәселесін шешпей, кемшіліктерін түземегендері салдарынан осындай қайғылы жағдай болды.

Өзбекстанның СІМ мәліметтері бойынша, Ақтөбедегі автобус апатынан қаза тапқандардың денесі президенттің шешімімен 20 қаңтарға қараған түні Ташкентке жеткізілді. Ал тірі қалғандардың екеуі тексеру шараларына байланысты Ақтөбеде қалды.

Еске салайық, осыған дейін Ақтөбеде автобус өртеніп, 52 адамның қаза тапқаны жайлы хабарланған болатын. Ikarus маркалы автобустың 18 қаңтарда сағат 10:30-да Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара - Шымкент тасжолының 1068 шақырымында, Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде өртенгені айтылған еді. Автобустың ішінде 55 жолаушы және екі жүргізуші болған. Оның бесеуі автобустан шығып үлгерген. Кейін оқиға орнынан түсірілген видео мен фотосуреттер жарияланды. Сонымен қатар, ІІМ өкілдері өрттің неден шыққанын айтты.