23 нау, 2018 сағат 20:39

Өзбекстан перзентханадағы салтанатқа тыйым салды

Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі перзентханадан жаңа туған нәрестені сән-салтанатпен шығаруға қарсы күрес жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде Өзбекстандағы жергілікті ақпарат құралдары жазды.

Елдің денсаулық сақтау министрі Алишер Шадмановтың айтуынша, баланың денсаулығы мен болашағына үйіне қандай көлікпен келгені, қандай оркестр күтіп алғаны немесе ертегінің қай кейіпкері қарсы алғаны маңызды емес.

Биліктің бұл тыйымынан кейін дәрігерлер, акушер-гинекологтар жүкті әйелдер мен олардың отбасыларына жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Біз медициналық көзқараспен бұл даңғаза шара сәби мен оның анасының денсаулығына кері әсер ететінін түсіндіруге тырысамыз. Сәби туғаннан кейінгі 40 күн - ана мен баланың денсаулығы үшін ең маңызды кезең. Бұл кезеңде бала мен ананың жанында туыстарының болмағаны дұрыс" дейді Алишер Шадманов.

Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев халықты үйлену тойға көп ақша шығындамауға шақырған. Ал ақпанда ресми Ташкент елде түрік сериалдарын көрсетуге тыйым салған.