18 қаң, 2018 сағат 14:29

Өзбекстан Ақтөбеде өртенген автобус құрбандарын алып кетуге арнайы ұшақ жіберді

Қазақстанда өртенген автобуста қаза тапқан Өзбекстан азаматтарын алып кету үшін Ташкенттен арнайы рейс ұшырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ӨР ТЖМ-не сілтеме жасап.

«Ұшақ Ташкент уақытымен 15:00-де ұшты. Әзірше қаза тапқандар есімдерінің толық тізімі жоқ. Бұл мәселе қазір Қазақстан ІІМ және СІМ-мен бірлесе шешілуде. Автобус Сарыағаш қаласынан Ресейдің Қазан бара жатқан», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Өзбекстан ТЖМ баспасөз қызметіндегілер оларда жол апатында аман қалғандар тізімі де жоқ екенін айтты.

«Біз әзірше аман қалғандар тізімін алған жоқпыз. Осы мәліметті анықтап жатырмыз», - дейді баспасөз қызметіндегілер.

Еске салайық, төтенше жағдай Ақтөбеден 320 шақырым қашықтықта Қалыбай кентінен 10 шақырым жерде «Самара-Шымкент» тасжолында болған.

Жедел штабта белгілі болғандай, автобус жолаушылары Өзбекстаннан Ресейге күнкөріс қамымен бара жатқан. Онда Өзбекстанның 54 азаматы мен 3 қазақстандық болған. Автобуста шыққан өрт салдарынан 52 өзбекстандық қаза тапты. Тірі қалғандардың арасында 3 қазақстандық және 2 өзбекстандық бар. Оларды жеңіл деңгейде күйік шалған. Оқиғаның мән-жайы тергеу амалдары барысында анықталмақ. Осы оқиғаға байланысты арнаулы Үкіметтік комиссия жасақталды.