29 қыр, 2016 сағат 08:19

Отырар кітапханасы: аңызы мен ақиқаты

Әлемде Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орынды Отырар кітапханасы иемденген. Отырарды жермен-жексен еткен Шыңғыс хан ол кітапхананы түгелдей өртеп жіберген» дейді тарих оқулығы.

Отырардан әлемде Арис­то­тельден кейінгі екінші ұстаз атан­ған әл-Фараби бабамыз­дың шыққаны рас па, рас. Әлем­дегі «екінші ұстаз» шық­қан жерде әлемдегі «екінші кі­тап­хана» неге болмасқа?! – дей­ді ойымыз.

Екінші ойымыз бүй дейді: Әлем­дегі «Екінші кітапхана» әлем­дегі «Екінші ұстаз»-дың даң­қынан пайда болған жоқ па?!

Бұлай ойлауымыздың өз мә­нісі бар. Себебі, әл-Фараби ту­ған жерінен бозбала кезінде шет жерге шығып кетіп, қай­тып оралмаған, бүкіл өмірі Бағ­дат пен Дамаскіде өткен. Ен­деше, туған жерінде ға­лым­ның өзі ірі кітапхана жасақтай ал­масы белгілі. Отырар кітап­ха­насынан сусындап-ақ өсті дейік, бірақ Отырарда әлемдегі ең үлкен кітапхана болғаны ту­ра­сында орта ғасыр ғалым­дары ләм-мим демеген. Әл-Фа­рабидің өзінің қазақ болға­ны кеше ғана, оны қазақ қыл­ған – Ақжан Машани атамыз бер­тінде қайтыс болды. Олай бол­са, әлемде екінші орын ала­тын Отырар кітапханасы ту­ра­лы аңыз кеңестік кезеңнің же­місі емес пе? Отырар қала­шы­ғының орнын археолог ға­лым­дардың қазып келе жат­қа­ны­на жарты ғасырдан асты емес пе, әлі жер астынан жар­ты парақ кітап шыққан жоқ. Ен­деше, бұл аңыз қайдан шық­ты?

1971 жылы наурыз айында атақ­ты «Вокруг света» жур­на­лын­да жас жазушы Дүкенбай Дос­жанов пен В.Маловтың «Оты­рар қорғандары» деген очер­кі шығады. Ол кезде Оты­рарда КСРО бойынша ең кө­лем­ді археологиялық қазба жұ­мыстары жүргізіліп жатқан. Бү­кілодаққа танымал жур­нал­дың тілшілерінің ол жаққа ат ба­сын тіреуі сондықтан да қа­лып­ты жағдай. Мәскеулік жур­на­листер экспедиция бас­шы­сы, тарих ғылымдарының док­то­ры, археолог Кемал Ақы­шев­­пен жолығып, әңгіме­ле­се­ді. Ол кезде Есік обасынан Ал­тын адамды тапқан Ақы­шев­тың дүркіреп тұрған кезі. Бі­рақ журналға шыққан очерк­тен Кемал Ақышевқа тікелей сіл­теме жасалған ештеңе тап­пай­сыз, оның орнына жур­на­лис­тік фантазия кеңінен көсіл­ген. Соның негізгісі – Отырар кі­тап­ханасы. Яғни, ежелгі жы­л­намашылардың айтуын­ша, XII ғасырда Отырар кітап­ха­насы әлем бойынша Алек­санд­рия кітапханасынан кейін­гі екінші орында болған де­генді айтады журналистер. Ал ол ежелгі жылнамашылар кім­дер болған, ол жайында еш­қандай мәлімет, тарихи де­рек жоқ. Егер, Отырар кітап­ха­насы әлем бойынша екінші орында болса, орта ғасыр ға­лым­дары ол жайында неге айт­паған? Ол туралы тарихта бір ауыз дәйектеме сөз неге жоқ? Жұмбақ.

Әйгілі Отырар кітапханасы жайындағы аңыздың бастау-бұ­лағы сол «Вокруг Света» жур­­налындағы журналис­тер­дің қиялынан туындаған очерк­тен бастау алған ба? Әйгілі 28 пан­филовшылар ерлігі де ойдан шы­ғарылған аңыз ғана екені, іс жүзінде ол «Красной звезда» га­зетінің әдеби хатшысы Ю.Кри­вицкийдің қиялынан 1942 жы­лы туған дүние екені анық­талған жоқ па? Бұл да соған ұқ­сайды.

Әрине, Отырар секілді үл­кен қалада үлкен бай кітапхана бол­ғаны рас. Оны ешкім де жоқ­қа шығара алмайды. Оты­рар тұрмақ, одан кіші кент­тер­де де сол уақытта өз кітап­ха­на­лары болған. Ислам ықпалына көшкеннен кейін араб ғылымы мен мәдениеті Жібек жолы бойын­дағы Отырарға молынан жеткені шындық. Орта Азия­дағы Үргеніш, Мары, Хорезм, Бұқара, Самарқан, Отырар шаһарларында халифтердің пәрменімен әр қаланың өз «Да­налық үйі» дүниеге келген. М.Хорезми, Ә.Беруни, Ибн-Сина сияқты ғұламалар пайда бол­ған. «Жібек жолы» бойы­мен кіре тартқан көпестер ең құнды сыйлық ретінде Отырар әкі­міне кітап сыйлауды дәс­түр­ге айналдырыпты. Тіпті бұл мемлекеттік рәсім ретінде қабылданып, ресми сипат алып­ты. Бұқаралық ғұлама Руз­­­беханның: «Отырар кітап­ханасындағы қолжазба кітап­тар­ды тек қала тұрғындары ға­­на емес, шалғайдағы Сы­ға­нақ қаласының тұрғындары да пай­даланып отырды» деп жазуы осының дәлелі. Осын­дай Отырардағы «Даналық үйінен» Әбунәсір әл-Фараби де дәріс алғаны, кейін білімін кеңейту үшін Бағдатқа бет бұ­рып, Дамаскіге тұрақтағаны да анық. Отырар қаласы Фара­би­ден кейін де білім мен ғы­лым­ның қайнаған ошағы болған. Шы­ғыстанушы ғалым Әбсат­тар Дербісәлі Отырардан отыз­дан аса ғалым шыққанын дә­лел­деген. Яғни, отыз әл-Фара­би шыққан. Отырар қаласы Фараб деп аталғандықтан, шаһар­дан шыққан ғалымдар өз­деріне Фараби есімін қосқан. Бұл үрдіс ХVI ғасырға дейін жал­ғасқан. Ендеше, Отырарда ірі кітапхана болғанын қай жа­ғынан болсын жоққа шығара алмайсыз. Бірақ шынымен де көлемі жағынан әлемдегі екінші кітапхана болған ба? Бізге нақ керегі де осы емес пе?

Екінші мәселе, Отырар кі­тап­ханасын шынымен Шың­ғыс хан өртетіп жіберген бе?

Тарихта айтылып жүрген­дей, әйгілі Александрия кітап­ха­насын Халиф Әмірдің өртеп жі­бергендігі өтірік болып шық­ты. Кітапхана одан бұрын мы­сырлықтардың Юлий Це­зар­мен болған соғысы кезінде өр­телген екен. Мұны Мұстафа Шоқай түзеткен.

Ендеше, Шыңғыс ханның 1219 жылы Отырар кітапхана­сын өртегені де өтірік болғаны. Оны кім түзетеді? Жаулаған ел­де­рінің дініне, діліне қиянат жа­самаған Шыңғыс ханның кі­тап өртетуі мүмкін бе? Ға­лым­дардың біразы кітап­ха­на­ны Шыңғыс хан арнайы өртет­пе­се де, болған соғыста өрттің ке­сірінен өзі өртеніп кеткеніне се­німді. Ал біраз зерттеушілер кі­тапхананы жер астына сақ­тап қалған дейді. Ең бастысы, Оты­рарда әлемдегі екінші кі­тап­хананың өзі шын мәнінде бол­ды ма екен?

Енді профессор Еренғайып Ома­­ровтың Отырар кітапха­на­сы Александрия кітапханасы­нан да үлкен болған деген бол­жамына келейік. Ғалымның айтуынша, Отырар шамамен V ғасырда белгілі бола бастаған. Жасы кемінде екі мың жыл. Оты­рар кітапханасы 1000-1200 жыл шамасында уақыт дү­ние­жүзіндегі ең үлкен кітапхана бол­ған. Шыңғыс хан шапқын­шы­лығы кезінде, тұрғындар к­і­таптарды жер астында ор­на­ласқан құпия үңгір-қалашыққа (катакомба) тығып үлгерген. Ертеректе, отыз-қырық жыл бұ­рын қой бағып жүрген бір шо­панның иті үңгірден, сырты те­рімен қапталған араб тілінде жа­зылған көне кітап алып шық­қан. Кітап Отырар қала­шығының қасынан табылған, яғни, сол кітапхананың кітабы болуы әбден мүмкін.
Ғалым осылай дейді. Ой-ниет дұрыс. Бірақ... Дәлел жет­­кіліксіз. Ит тауып алған бір кі­тап бір ғана адамға тиесілі болуы мүмкін. Бір жерде кітап­хана болды деу үшін логика бойын­ша ол жерден үш мың кі­тап табылуға тиіс!

Егер шын мәнінде де, оты­рарлықтар кітапхананы жердің астына тығып тастағаны рас болса, көрші жатқан мемле­кет­тердің ғалымдары мен оқы­мыстыларының көзінен ол не­ге таса қалған? Сол орта ға­сыр­дың өзінде ол ғалымдар Отырар кітапханасын аңдып, қам-қарекетін неге жасамаған? 
Сұрақ – көп, нақты жауап жоқ.

Сіз не дейсіз?..

Төреғали ТӘШЕНОВ

«Айқын» газеті

 

Отырар кітапханасы

 

Тек қарынның байлығына сенген елдiң соры бар,

Көне тарих сабақтары бiзге мойын бұрғандай.

Отырарды ғаламда жоқ жазба кiтап қоры бар,

Өткен заман елестерi әлi қоршап тұрғандай.

Көзсiз зорлық ғасырынан,

Надандықтың тасырынан,

Жер астына жасырылған

Дара тұлға бабалардың ұшқыр ойы, санасы.

Ұяттыны толғандырған,

Қанаттыны заңғар қылған,

Күллi әлемдi таң қалдырған,

Рухыңмен қолда бiздi

Отырардың ұлы кiтапханасы!

Қайда барсаң жеке мүдде жеңiсi үшiн алқыну,

Таптыра ма құмға сiңген зор парасат дастаны?

Басты мақсат – Фарабилер биiгiне талпыну,

Рухы жоқ бiлiмдiден қоғам шаршай бастады.

 

Мұхтар ШАХАНОВ