#
#
Cәрсенбі 23/10/2019

OTF: Қытай мен Ресей 110 елге цензура мен аңду технологиясын экспорттап жатыр

  • 18.09.2019
  • 0
  • 340

Ресей мен Қытай ақпаратты бақылау үлгісі, аңду технологиясы мен цензураны 110 елге таратып жатыр. Америкалық Open Technology Fund жариялаған "Ақпаратты бақылаудың ресейлік және қытайлық үлгісі" атты есепте осындай дерек айтылады. Ресей мен Қытай ұсынған технологияны бұл елдер қабылдаған немесе тұтас көшірген.

Есепте Қытай немесе Ресеймен байланысы бар авторитарлық немесе гибридтік режимдердің ақпаратты бақылау үлгісін оп-оңай қабылдап алатыны айтылған. Ақпаратты бақылау технологиясы, оны басқару әдістері және соған сәйкес заңдар "Бір белдеу - бір жол" бастамасына қосылған елдерде (қытайлық модель) және ТМД елдеріне (ресейлік модель) еніп жатыр.

Баяндамада бұған қоса, Қытай мен Ресейдің ақпаратты бақылау технологиясы соңғы 13 жылда елеулі түрде өзгергені, бұрын шетелге ашық цензура мен аңду құралдары жеткізілген болса, соңғы уақытта анағұрлым жетілген технологияның тасымалданып жатқаны айтылған.

Қор есебінде адамның бет-жүзін танитын бақылау камералары, цифрлық жабдықтаудың сан алуан түрлері, смарт-карт форматындағы төлқұжаттар, билікке арналған смарт дерек қорлары, ақылды қала технологиясы сияқты өнім түрлерінің дүниежүзі бойынша көптеп тарала бастағаны айтылады.

Есеп авторы Валентин Вебер мұндай әрекеттерге демократиялық елдердің реакция танытуы қиын екенін, түрлі мақсатта жасалған технологияның таратылуына тыйым салу мүмкін еместігін айтады. Оның үстіне демократиялық елдердің өзі ақпаратты бақылау құралдарын сатып ала бастаған.

Вебердің ойынша, демократиялық елдер де қарапайым азаматтар қолданатын байланыс құралдары мен арналарын түрлі аңду-сүзу технологияларынан қорғау амалдарын ойластыруы тиіс. Бірақ ол "қазір жағдай керісінше болып отыр" деп есептейді.

Есеп авторы әлемдегі сөз бостандығы және адам құқығы ахуалы барған сайын нашарлап бара жатыр деп тұжырым жасайды. Автордың пікірінше, демократиялық елдер "технологияны авторитаризмді дамыту мақсатында қолдануға төтеп беруі тиіс және азаматтардың жеке өміріне қол сұқпай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмыспен күресуге болатынын дәлелдеуі тиіс".

Азаттық

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар