#
#
Жұма 28/07/2017

Отаудың оты сөнбесін... немесе Рухани иммунитетіміз неге әлсіз?

  • 08.01.2017
  • 1
  • 584


Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді кез келген мемлекеттің тіршілік атаулының ардақтысы адамнан тұратыны ақиқат. «Отан отбасыдан басталады» деген қазақтың ғасырлар бұрын айтып кеткен толғамы осы сөзімізді қуаттайды.

Ұлы асуларды бағындырғысы келген ұлттың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» қажеттігі дәлелдеуді қажет етпес аксиома. Ал бұл нәрсе өзінің күре тамырын отбасы дейтін шағын мемлекеттің беріктігінен алады. Шаңырақтағы бірліктің дәрежесі – дүниенің тарлығын да, тарпаң уақыттың сыйлаған зар мұңын да қаймықпай өткеруінен көрініс табады. Иә, еменнің беріктігі дауылда сыналатыны секілді, отаудың қуаттылығы да қиындықтың қамыты мойынға жегілгенде айқындалса керек.  Ал «көлдің тақырға, байдың пақырға айналмағы оп-оңай» екенін ескерсек, қаншама шаңырақ бақытты бақырға балаудан ортасына түсті, ал толыққанды отбасыда жетілмеген жетімектердің көңілдерінде көң боп қатқан мұздың салқыны уақыттың өтуімен өзінің лебін еспей қоймайды.

Біз кейде ауызбен айтылатын насихаттан іспен көрсетілетін нәрсенің қуаттырақ екенін пайымдай бермейміз. Ал әке-шешесі қордаланған мәселелерді көріп, оны шешудің жолы айырылысу деп шешкен шаңырақтан түлеген баланың «ұшқанда ұяда көргенін ілмесіне» кім кепіл?! «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» (Бұхар жырау) деген өмірдің өз аксиомасын қайда қалдырамыз?!

Ананың аялы алақанын, әкенің қамқорлығын көрмей өскен бала мейірімге қашан да сусап тұратыны тағы бар. Бір анадан ала мен құла бірге туғанда бір ұлттың ішінен әр түрлі мінез-құлықты пенделер қатар түлемейді дегенге кім сенеді?!

Ең әрісі, қазақтың кредосында «ажырасу», «жетімдер үйі» не «қарттар үйі» деген түсініктің болмағаны әмбеге аян. Әлде ол қоғамда сотқарлар мен содырлар, бұзықтығы бір басынан артылатын адамдар болмады ма?! Жоқ, болған, болғанда қандай. Тек ол кезде тентекті тезге салатын, «бір құмалақты» дандайсытып қоймайтын «қарын майлар» бар еді. «Екі жастың арасына есі кеткен түседі» деген қағиданы әр ата-ана қаперінде ұстап, жаңадан бас қосқан жастардың жүрегінің басына у құймай, керісінше табыстыруға талаптанса, қаншама отаудың оты сөнбес еді деген тілек санада жылт етеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда ата-анасы араласуы себебінен екіге айырылысқан шаңырақтар 14%-ды көрсеткен.  «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген Пифагордың сөзі өз кезегінде дәл айтылған (Мәселен, Жапония мемлекетінде мұғалімнің құқығына арналған арнайы заң жоқ. Алайда, халықтың ұстаздарға деген құрметі айрықша). Себебі, ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан, қанға сіңіп, шарттылық түрінде қалыптасқан қағидалар бұзылған жағдайда, адам арының алдында қызара бастайды. Біздің айтқымыз келген нәрсе жетімін жылатып, жесірін тентіретпеген қазақта дұрыс дәстүрдің не әдепке баулитын әдеттің болмағандығы емес, кеңестік қоғамның кертатпа «қылығынан» ұлттық иммунитетіміздің уланғандығында. Біз орын алып жатқан оқиғалардың салдарымен ғана күресіп, себебін екінші кезекке қалдырамыз. Бұл – басты қателік. Мәліметтерді негізге алсақ, ажырасудың көп бөлігі алғашқы екі айда орын алады. Осы тұрғыдан егер «Неке және отбасы» кодексіне «жаңадан шаңырақ көтерген жастардың 5 жылға дейін айырылысуына рұқсат етілмейді»деген тармақ енгізіліп, жастарға алдын ала ескертілсе, әркім некеге жауапкершілікпен қарар ма еді?!

Жалғыз басты аналар мен жалғыз басты әкелердің санын ұлғайтып, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүргенімізге мастанып, көше торлаған қайыршының кебін киген рухымызбен қайда бет алып барамыз?! Тағы да статистиканы алға тартайық. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда жалғызбасты аналардың саны жарты миллионға жеткен. Ал Қызылжар өңірінде жалғыз басты әкелердің клубы құрылғаны жаға ұстатарлық жайт. Бұлтарыс, қалтарысы көп бес күндік жалғанның шуағы мен дауылын, жеңілі мен ауырын алма кезек өткеріп жүріп адам баласы өзі күтпеген жайттарға жиі ұшырасып отыратынын ескерсек те, «жалғызбастылардың» көбеюінің негізгі себебі «бірге тұру мүмкін емес» деген сылтаудың алға тартқандықтан. Бірақ, «үйлену оңай, үй болу қиын» деген қазақтың өмірдің сүрлеуінен өткен мақалының өңін айналдырып, ажырасуды ең оңтайлы жол деп тапқан жандар қаперде ұстауға тиісті нәрсе бар. Ол: «Әке беретін дәруменді шеше, шеше беретін дәруменді әке берген емес» (Б.Т.). Ол –«тіршілік» дейтін керуеннің көшіне ілесіп келе жатқан адамзат атаулының бәріне қатысты,  ықылым замандардан бері  көп өзгере қоймаған, өзгере қоймайтын өмірдің өз заңы.

Әр адам қолда бар алтынның парқына жетіп, «адамзаттың бәрін бауырындай сүйіп» (Абай), адалдың арнасынан ауытқымай ғұмыр кешер болса мұның бірі болмас па еді деген аңсар санада қылаң береді. Отанның діңгегі саналған мұқым отбасылардың бүтін болып, ошақтардың оты сөнбеуіне тілектестік білдіріп, сол жолда қайрат жұмсайық, ағайын. Дінмен сабақтасқан дәстүрді ұстанып, бабалар ізі, аналар жолымен адаспай жүруді алашқа нәсіп қылғай!

Шынәділ Салтанат,

Ұлт порталы

1 пікір

  • Мөлдір ОлжатайCәрсенбі, 11.01.2017

    Жарайсың, Салтан! Қаламың мұқалмасын!!
    Жасай бер,өрлей бер!

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар