07 қаң, 2019 сағат 18:38

"Отарсыздану үдерісін бастайтын кез келді..."

Біз - отар болған жұртпыз. Ел болу үшін отарсыздануымыз керек. Отарсыздану үдерісін бастайтын кез келді. Ол үшін ешкімнен қорықпай, ешкімге жалтақтамай, Қазақстанның ең жоғары заң шығару органдары - Сенат, мәжіліс - "Отарсыздану" туралы заң актісін қабылдап, бекіту керек. Ал, ол үшін қазірден бастап Қазақстанның саяси институттары (мысалы - "Мемлекет және тарих институты") осы мәселені зерттеуді қолға алуы керек. Әлемнің отар болған мемлекеттері бұл үдерісті қалайша жүзеге асырды деген мәселені түбегейлі зерттеген дұрыс.

Егер біз қазақ қоғамының осы кеселін елемей, ескермей, жауырды жаба тоқи беретін болсақ, ауру қоғамның дерті асқынғанның үстіне асқынып қоғамдық жағдай ушыға береді. Оның айқын дәлелі - Қарағанды оқиғасы. Бұл - ескерту!

Сосын, "қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ" деген сынды негізсіз пікірлерді тоқтату керек. Біртұтас халықтың тірі организм ретінде бас бостандығынан айырылып (басынан айырылып) өзге мемлекетке (Ресей империясына, сосын - Қызыл совет империясына) отар болғаны - құл болғаны ұят емес пе?

Тағы қайталап айтамын, Ұлт, Мемлекет - тірі организм ретінде сауығуы үшін - ең бірінші кеселдің диагнозын қою керек; диагнозын қоймаса, организм жазылмайды. Қазақ қоғамы - ауру! Диагнозы - Отарлық. Егер қазіргі биліктің бұны мойындауға ерік-жігері жетпесе, орнын босатсын, орнына осы қазақ ұлты үшін аса маңызды шараны жүзеге асыра алатын дені сау, отарлық-құлдық етінен өтіп, сүйегіне жетпеген, ішкі үрейден ада жаңа ұрпақ, жаңа генерация келсін.

Аққа Құдай жақ! Ісіміз - ақ! Біреуді кемсіту, біреудің шамына тию ойда жоқ, ойымыз - Қазақ қоғамын сауықтыру. Қисайып кеткен туымызды тіктеп, шұрқ тесік Есімізді бүтіндеу! "Ауруын жасырған өледі" дейді дана халқымыз. Қазақ ретінде, Ұлт ретінде, Мемлекет ретінде өліп кетпеу үшін ауыр болса да осы шараға баруымыз керек. Сонда ғана Алаш арысы Ғұмар Қараш армандаған әр ісімізден қазақтың исі шығып тұратын болады! Сонда ғана Мәңгілік Ел боламыз!

Омар Жәлелдің фэйсбуктағы жазбасынан