20 қыр, 2016 сағат 12:20

Отанымыз - ортақ, тіліміз - түрлі, тілегіміз - бір

Облысымызда жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Тілдер шеруі» айлығының қорытындысына арналған мерекелік шара биыл Семей қаласында өтті. Бір ай бойы өңірімізде тұратын түрлі ұлттың тілі мен дәстүрін паш еткен іс-шараларды қорытындылауға арналған «Отанымыз ортақ, тіліміз түрлі, тілегіміз бір» атты облыстық фестиваль ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. 

Бұл күні Семей шаһарының тұрғындары мен қонақтары Орталық саябаққа қарай ағылды. Бәрі де бұл саябақта «Тілдер шеруі» айлығының қорытындысына арналған облыстық фестиваль өтетінінен құлағдар. Тіпті, бір сәт мынау жерге Семейдің еңкейген кәрісінен бастап еңбектеген баласына дейін жиналған ба деген ойда қаласыз. Тек қана қазақты ғана емес, небір ұлт өкілдерін көзіңіз шалады. Әне, қос етек, бүрмелі көйлек киген нәзік қазақ аруының жанына өзбек, орыс, белорус, неміс, корей секілді өзге ұлттың да сұлулары жинала қалыпты. Жұптары жарасып, жүздері жадырап, жайнаң қаққан қыздарға сүйсіне көз тігесіз. Күз маусымы болса да, қыркүйектің күні де қызулы. Тегінде ел бірлігі мен ынтымағын нығайта түсетін осындай мерекелерді табиғат-ананың өзі де ерекше сүйетін болса керек. Мерекенің сәніне сән қосып, шұғылалы шуағын төгіп-ақ тұр. Семейліктердің сүйікті демалыс орны болып табылатын Орталық саябақ та ерекше құлпырып кетіпті. Түрлі-түсті жалаушалар мен шарлар, жерге төселген қып-қызыл кілем көздің жауын алып, мұнда жиналған жұртшылыққа керемет көңіл күй сыйлайды. Әр адамның жүзінен мерекелік көңіл күйді тап басып тануға болады. Өскемен, Курчатов секілді қалалар мен Жарма, Бесқарағай, Бородулиха, Зырян, Ұлан аудандарынан мерекеге арнайы келген түрлі этнос өкілдері де құр қол келмей, әр ұлттың тарихы мен салт-дәстүріне байланысты көрмелерді де алып келіпті.

Иә, шынында да, бұл – тілдердің ғана мерекесі емес, бірлік пен ынтымақтың, бейбітшілік пен тыныштықтың да мерекесі. Мұны осынау шараға жиналған түрлі этнос өкілдері де жақсы сезінгендей. Тек қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт елде ғана осындай мереке тойланса керек. Анау қол ұстасқан түрлі ұлт өкілдері осынау бақытты елде туып, тұрып жатқаны үшін де тағдырына шексіз риза. 

Тағылымды шара басталмас бұрын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдын Шаймарданов бастаған тіл жанашырлары Орталық саябақтағы Шәкерім ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақынның рухына тағзым етті. Өмір бойы ұлы арманға қол созып, ұлтының барын түгендеп, жоғын жоқтап өткен ойшыл ақын артындағы ұрпағының ұлағаты мол осынау тірлігін үнсіз ғана құптағандай көрінді маған. Мынау өмірде әрбір халықтың қадірлісі де, қасиеттісі де - тілі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ендеше тілді сақтау, тілді түлету жолындағы тірліктің бәрі құптарлық. 

Көп ұзамай ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйтқы болуымен Қазақстан халықтары тілдері күніне арналған «Отанымыз ортақ, тіліміз түрлі, тілегіміз бір» атты фестиваль басталып жүре берді. Сахна төріне көтерілген жүргізуші биыл мемлекетіміз үшін атаулы мерекелерге толы жыл екенін айрықша атап айтты. Ең басты мереке – Тәуелсіздігіміздің тұғырға қонғанына 25 жыл. Сондай-ақ, Елбасы Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 және абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толып отыр. Мерейлі мерекелер жылында өтіп отырған осынау фестивальдің де өзінің алдына қойған мақсаты бар. Шараның негізгі мақсаты – облыста тұратын барлық этностардың тілі мен мәдениетін сақтау жағдайында ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің ауқымды қолданысын қамтамасыз ету. 

Әне, ортада алып Бәйтерек. Тамырын тереңге жіберген ол Бәйтерек – Тәуелсіз Қазақ елі деп аталады. Еліміздегі әрбір ұлт өкілі сол Бәйтеректі мәпелей күтіп, аялайды. Өйткені, ол – 30-дан астам этнос өкілдеріне сая болып отырған ортақ Отан. Ендеше Отанның амандығы мен тыныштығына ештеңе де жетпейді. Осынау шағын ғана көріністің өзі жиналған жұртшылыққа үлкен ой салғандай. 

Мұнан кейін мерекелік құттықтауларға кезек берілді. Ең алдымен ақ тілектің тізгінін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс, Солтүстік өңірлері бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев алды. Мемлекеттік тілдің жолында зор еңбек сіңірген қайраткер ағамыз тебірене сөйледі.

- Құрметті тәуелсіз елдің тәуелсіз ойлы, бақытты жастары! Мәңгілік елдің жанашыр патриот достары! Бүгінгі мереке – мерекелердің төресі. Бүгінгі мереке – мемлекеттік тілдің ғасырдан, ғасырға жеткен үлкен бір белесі. Бұл белеске біз оңайшылықпен жеткен жоқпыз, – деген жалынды сөздермен құттықтауын бастаған Орал Шәріпбаев осыдан жиырма бес жыл бұрын Қазақстанда тіл де болмайды, тыныштық та болмайды, тұрақтылық та болмайды деген батыс сәуегейлерінің болжамының бұрыс болғанын, бүгін міне, қалың қауымның Қазақстанның рухани астанасы, ел рухын көтерер Алаштың айбынды бас қаласы Семей шаһарында тіл фестиваліне жиналып отырғанын мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ арқасында мемлекеттік тіліміздің БҰҰ-ның төрінде салтанат құрып, мәртебесі асқанын да айта келіп: «Міне, бақытты ел, бақытты Қазақстан осы болады. Бұл – ерліктің, теңдіктің, тәуелсіздіктің мерекесі», – деді.

Бір атап айтарлығы, осынау шарада Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова да баршаға арналған өзінің ізгі тілегін бастан-аяқ мемлекеттік тілде жеткізді. 

- Құрметті семейліктер және қала қонақтары! Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Отанымыз ортақ, тіліміз түрлі, тілегіміз бір» атты тілдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 1998 жылдың 20-қаңтарында ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен 22-қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні болып жарияланды. Тіл - қандай ұлт үшін болмасын әрқашан да құдіретті. Тіл - әрбір елдің жаны, - деп сөзін бастаған Надежда Шарова бүгінде өңірде тұратын өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойғанын, болашағын Қазақстанмен байланыстырған өзге ұлт азаматтарының мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі тиіс екендігін де атап айтты. 

- Бүгін – ерекше күн, Қазақстан халқының тілдері мерекесі. Бұрынғы посткеңестік елдердің ішінде бұл мереке тек Қазақстанда ғана тойланады. Бұл мерекенің артықшылығы - елімізде тұратын барлық халықтарды жақындастырып, туыстырады, - деді облыстық «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук. Сондай-ақ, мерекеге жиналған жұртшылықты Семейдегі татар жексенбілік мектебінің оқытушысы Рауфа Нурлина, орыс әлеуметтік-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Надежда Козырева және тағы басқалар құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. 

Осынау шара барасында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдын Шаймарданов мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, қоғамдық келісім мен бірлікті, ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға белсене қатысқаны үшін Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі Эльмира Шолтықоваға, Шемонайха ауданындағы Достық үйіндегі «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі, ағылшын, неміс тілдерінің оқытушысы Татьяна Филимонова мен Бесқарағай ауданындағы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсемгүл Қалтаеваға облыс әкімінің грамотасы мен бағалы сыйлық табыс етті. 

- Бесқарағай өңірі – қашаннан-ақ бақ дарыған киелі мекен ғой.Қазір ауданда барлығы 28 ұлттың өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп жатыр. Ауданымызда Достық үйі де бар. 2008 жылдан бері тіл орталығы жұмыс істейді. Егер бүгін еңбегім еленіп, марапатқа ие болып жатсам, бұл менің ғана жетістігім емес, осы салада жүрген барлық әріптестерімнің ортақ жеңісі деп білемін, - дейді Бесқарағай ауданындағы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсемгүл Қалтаева бізбен қуанышын бөлісіп.

- Өздеріңіз білесіздер, Семей – Алаштың астанасы ғой. Ұлы ақын Абайдың Отаны да осы. Өз басым тілге, рухқа байланысты шаралар Семейде бірінші бастау алуы керек деп ойлаймын, - дейді Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Берік Көпбаев. 

Бөлім басшысы таяуда Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың 100 жылдығына байланысты Семейде ескерткіш қойылатынын да қуана жеткізді.
- Кеше ғана республикалық комиссия біздің Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнату жөніндегі ұсынысымызды қолдап, мақұлдады. Амандық болса, жылдың аяғында немесе келер жылдың басында Семейде Әлихан Бөкейхановқа арналған ескерткіш бой көтереді, - дейді ол.

Қай мереке болмасын ән мен күйсіз, жырсыз болушы ма еді! Семей шаһарындағы орталық саябаққа жиналған жұртшылық Өскемен, Семей, Курчатов қалалары мен Жарма, Бесқарағай, Бородулиха, Зырян, Ұлан аудандарынан келген өнерпаздардың концертін тамашалады. Өскемендегі «Вайнах» этномәдени бірлестігінің бишілері «Шешен биін» орындаса, Бесқарағай ауданынан келген апалы-cіңілі Альфира және Гульфира Измаиловалар көпшілік назарына татар халық биін ұсынды. Бородулиха ауданынан келген өнерпаздар украин халық әні «Смереканы» орындаса, Курччатов қаласындағы Достық үйінің жанынан құрылған «Свиточ» этномәдени орталығының жетекшісі Нина Дмитропавленко өзінің «Украина с Казахстаном» атты авторлық өлеңін оқыды. 

Осылайша сұлу Семей шаһарының тұрғындары мен қонақтары тамаша бір мерекеге куә болды. Әр тілде шырқалған әсем әуен көпке дейін көк аспанда қалықтап тұрды.

"Дидар" газеті