25 қар, 2017 сағат 15:57

Отандық туризмнің жайы қандай?

Жадыраған жаз келгенде демалысымызды қай жерде өткіземіз деп ойланатынымыз бар. Шүкір, қазақ жері табиғаты көркем, тауы мен даласы жанға жайлы мекендерге кенде емес. Жер жәннаты Жетісу, шыңдары көк тіреген Алтай, емдік қасиеті де, шипасы да мол Алакөл, көрген көзді таң қалдырар Балқаш… айта берсек көп. Бірақ біз өз еліміздегі туристік орындардың қадірін әлі күнге дейін білмей жүрген сияқтымыз. Қазақстандағы туризмді қолдайық деп қаншама бастамалар көтеріліп, идеялар айтылса да, шетелдерге аңсарымыз ауып тұратыны неліктен екен?

Бұл орайда әркімнің айтар өз уәжі бар. Біреулері Қазақстандағы туристік орын­дарда қазіргі тілмен айтқанда дұрыс сервис жоқ немесе бағалары тым қымбат дегенді алға тартады. Одан да сол кеткен ақшаға бірнеше елді аралап қайтуға болатынын дәлелдейді. Бірақ қалай болғанда да біз ішкі туризмді дамытуға күш салуымыз керек емес пе? Жасыратыны жоқ, әлемдік талаптар тұрғысынан қарайтын болсақ, бізге әлі көп шаруаларды атқаруға тура келеді. Өйткені туризм бұл мемлекеттің бет-бейнесін танытатын бірден бір жоба. Демек, оған стратегиялық тұрғыдан қарауға тиіспіз. Статистикаға жүгінсек, дамыған елдер осы саладан қыруар пайда тауып отыр. Кішкентай аралдың үстінде отырып-ақ мол табысқа ке­неліп отырған мемлекеттерді білеміз. Ал сонда біздің елдегі туристік әлеуеттің мүмкіндігі бірнеше есе үлкен емес пе деген ой келеді. Бәлкім, арнайы бағдарламалар қабылдау керек шығар. Кәсіпкерлер мүдделілік танытып, жақ­сы жобаларын ұсынса, қанеки. Сөз көп, атқарылып жатқан нақты істер аз. Осы тақырыпты зерттеу барысында отандық туристік базалардың бағаларын біршама шолып шыққанымыз бар. Сонда байқағанымыз, ба­ғалары шарықтап, аспандап тұр.

Мәселен, Алматы қала­сының маңында орналасқан сауықтыру орындарының құны тәулігіне 10 мың мен 53 мың аралығында екен. Ал Сарығаш шипажайлары 7000 теңгеден 200 мың теңгеге дейін барады. Алтай аймағындағы сауықтыру орындарының құны – 9000-25000 теңге. Бұл бір-екі мысал ғана. Сонда мұндай баға қарапайым халық үшін қолжетімді емес екені түсінікті ғой. Осындай құнды көрген азаматтар бұдан бірнеше есе арзан шетелдің демалыс орындарына бармағанда қайтеді? Демек, мемлекеттік тұрғыдан реттейтін арнайы заңдар керек шығар. Мұндағы басты мәселенің бірі – баға саясаты. Ол ақылға қонарлықтай болмай, туризмнің тасы өрге домаламайтыны анық.

Мамандар болса ту­ристік қызметтің дұрыс ұйым­дастырылмауына, заң­ның шикілігіне, қаптаған туристік фирмалардың ала қойды бөле қырқатынына сілтейді. Қымбатшылықпен туризм саласын дамыта алмайтынымыз бесенеден белгілі. Олай болса, жергілікті тұрғындарға арнайы жеңілдіктер жасау жағын неге қарастырмасқа?

Дина Имамбаева