11 қыр, 2019 сағат 07:35

Отандық сериал өндірушілерге салық жағынан жеңілдік беріле ме – Дәурен Абаевтың жауабы

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сапалы өнім шығару үшін отандық сериал өндірушілермен қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отандық сериал өндіру, түсіру саласына қарап отырсақ, біз шынында да, күрделі жолмен жүруді бастап кетіппіз. Отандық продюссерлік компаниялар сапалы сериал түсіре бастауы үшін барынша қолдау білдірдік. Сайып келгенде, ең оңай жол – дайын өнімді сатып алып, трансляциялау. Ал соншалықты үлкен саналмайтын 18 миллион адамы бар мемлекетте бұл бағыттағы нарықты дамыту – өзін-өзін ақтай бермейтін өнім. Ал біздің жағдайда мемлекет отандық өндірушілерді қолдауды шешті. Біз шынында да, барлық жағдайды жасап бердік. Екінші жағынан, бұл механизм жұмыс істей бастағанда қандай мәселелерді шешу керектігі де айқындала бастады. Мәселен, қазір бізге қымбат сериалдарды түсіру қиынға түсіп тұр. Себебі, біз тарифтік кестеге қараймыз. Ал бізге негізінен сметалық сипатқа маңыз берген абзал», - деді Дәурен Абаев елордада өтіп жатқан Astana Media Week шарасында.

Министрдің айтуынша, белгілі бір продюссерге ақшаны бере салып, тарихи сериал түсір деу аса оң жамбасқа келе бермейтін әдіс.

«Біз сериал түсіріліміне қажетті сомаға қарауымыз керек. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүргіземіз деген ойдамыз.

Медиа саласындағы азаматтар мұны жақсы біледі. Сонда да айтып өтейін, телесериалдар бюджет есебінен қаржыландырылады. Жалпы, 2016 жылы мемлекеттік тапсырыспен 16 сериал түсірілді. Осы жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай артты. Мысалы, биыл 43 телехикая эфирге шығады деп жоспарланып отыр. Үш есе өскен. Алайда біз мемлекеттік телеарналарға ғана емес, жекеменшік арналарға да көп көңіл бөлеміз», - деді ол.

Мәселен, министрдің дерегінше, коммерциялық телеарналар 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 47 сериал түсірген.

«Алайда, біз сериалдардың санына ғана емес сапасына да мән береміз. Сан артқан жерде шығармашылық бәсекеге де жол ашылады. Оны білесіздер. Осылайша, сериалдар индустриясын қалыптастырудағы мүмкіндік пайда болады. Бұрын біз отандық  сериалдарды аз дедік. Енді түсірілген сериалдарды сыртқа сатуды бастадық. Мысалы  көршілес мемлекеттерге, 15 отандық сериалға 9 елге лицензиялық құқықтар берілді. Бұл жұмысты одан ары жалғастырамыз», - деді Дәурен Абаев.

Оның атап өтуінше, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі коммерциялық телеарналармен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруді қолға алмақ. Сметалық-жобалық форматы қарастырылып жатыр. Халықаралық тәжірибе де назарға алынатын болады.

«Мұның барлығын медиа нарықпен ақылдаса отырып шешетін боламыз. Қорыта айтқанда, отандық сериал нарығы дамып жатыр. Шығармашылық топтар қалыптасты. Шеберліктері шыңдалып келеді. Түбінде бұл қалай десек те біздің ақпараттық қауіпсіздігімізге оң әсерін тигізетіндігі анық», - деді министр.

Сонымен бірге, Дәурен Абаев шара барысында «Отандық сериал өндірушілерге салық жағынан жеңілдік беріле ме?» деген сұраққа жауап берді.

«Салық бойынша барлық сұрақтарды қазірдің өзінде талдап жатырмыз. Менің ойымша, жылдың соңына дейін бұл бағыттағы жағымды жаңалықтар болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, егер осы іспен айналыспағанда, қосарлана жүретін мәселелерін де білмес едік. Жұмыс жүргізе бастағанда қандай мәселе барын ұғып, оларды шеше бастадық», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, елордадағы «Қазмедиа» орталығында үш күнге созылатын Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға — Astana Media Week өтіп жатыр. Astana Media Week-тің бірінші күні сериалдық өнімдерді әзірлеу және шығару тақырыбымен және салық преференциялары, кино прокатының шарттары, мазмұны, фильм өнімінің шығармашылық деңгейі және оның демеушілер үшін тартымдылығы тақырыбымен ерекшеленеді.