13 қыр, 2019 сағат 07:04

Отандық екі білім беру мекемесі SAP университеттік альянсына қосылды


Еліміздің «Astana IT University» мен Қазақ Инфокоммуникация Академиясы «SAP университеттік альянсы» бағдарламасына қосылды. Енді студенттер мен оқытушылар вендор шешімдерінің демо-нұсқаларына және бизнес-аналитикадан блокчейнге дейінгі машиналық оқыту бағыттары бойынша үш мың курстан тұратын кітапханаға қол жеткізе алады.

«Биыл университет білім алушыларды алғаш рет қабылдайды. Біздің мақсатымыз – жобалық-бағдарлы курстарға және білім беру процесінің практикалық бөлігіне баса назар аудара отырып, жоғары білікті ІТ кадр даярлау. SAP университеттік альянсына қосылу – білім беру бағдарламаларымызды айтарлықтай кеңейтуге, сондай-ақ студенттерге бүкіл әлемдегі компаниялар талабына сай SAP шешімдерімен жұмыс істеуге жол ашады», - дейді «Astana IT University» университетінің маркетинг және қоғаммен байланыс департаменті директоры Әлібек Мұқашев.

«Astana IT University» мен Қазақ инфокоммуникация академиясы SAP университеттік альянсымен әріптестік арқылы отандық кәсіпорындарға салалық шешімдерді әзірлеу кезінде база бола алатын платформалық өнімдер ала алады. Жоспарланған форумдар, кездесулер және жобалық семинарлар студенттерге креативті және кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ, болашақ түлектердің кадрлық әлеуетін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өз септігін тигізеді.

«Біз инфокоммуникация саласын дамыту бойынша әлемдік, отандық үздік тәжірибелерді біріктіретін ғылыми білім беру алаңына айналуға тырысамыз. Университеттік альянсқа кіру бізге әлемдік жетекші ЖОО-лармен тәжірибе алмасуға және SAP білімдерінің ауқымды базасын қолдануға мүмкіндік береді», - дейді «Қазақ инфокоммуникация академиясы» қоғамдық қорының президенті Шахмаран Сейілов.

Айта кетейік, SAP университеттік Альянсы студенттердің SAP технологиясын практикада меңгеріп, цифрлық экономика қажеттілігіндегі тапсырмаларды шешу мен өз жобаларын әзірлеу үшін ТМД-ның 120-дан астам жоғары оқу орынымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Бүгінгі таңда еліміздің 15 жоғары оқу орны Қазақстандағы «SAP университеттік Альянсы» мүшелері қатарында. Онда компания сарапшылары SAP шешімі бойынша студенттер мен оқытушылар үшін арнайы курстар өткізеді. Сонымен қатар 2019 жылы республиканың негізгі жоғары оқу орындарында түлектерді жұмысқа орналастыруға бағытталған бірқатар арнайы іс-шаралар ұйымдастыруда.