28 там, 2017 сағат 08:26

Отан тарихына бей-жай қарауға болмайды!

Қазіргі уақытта елдің тарихы, жердің тарихы – қоғамдық ұлттық сананы қалыптастыруда, өткенді жаңғыртып, келешекті бағамдауда атқаратын рөлі мен маңызы орасан. Осыдан бір жыл бұрын басқаша ойлайтын шенділер мен жағымпаз ректорлардың кесірінен, ЖОО-ның оқу бағдарламасынан Қазақстан тарихы пәні сызылып, алынып тасталған еді. Бұл – қоғамдық дау-дамайға ұласып, дер кезінде тарихшы ғалымдардың жанайқайына Қазақстанның «Ақ жол» партиясы құлақ асып, Білім және ғылым министрінің атына депутаттық сауал жолдап, «отставкаға» кеткен тарих пәнін қайтадан оқушы қауымен қауыштырған болатын. Бірақ, басынан дау арылмайтын отандық  тарих ғылымының жағдайы түзеліп, бағы жанып кете қойған жоқ.

Біздің тарих – ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «жеңіл әрі жұқа ғана»  болып тұр! Өйткені: тарихи көптеген фактілердің өзіне қарама-қайшы айтылар пікір көп. Тарихшылардың басы бірге тоғысса да, пікірлері бір жерден шықпай жүр! Өстіп, ана рудың атасы марғасқа, мына бір рудың атасы тегеурінді талан болып тұр! Оның үстіне Отандық тарихтың қаржыландыру көзі – қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана болып тұрғаны өкінішті жағдай. Әйгілі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этноголия институтының мүйізі қарағайдай ғалымдары біраз уақыттан бері айлықтарын дұрыс ала алмай, ғылыми жобаларға қарап телміріп отыр!

Тарихшылардың рөлі тек өткен тарихты зерттеуде ғана емес, жарқын болашақты қалыптастыруда да маңызды екенін  А.Перуашев Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының базасында өткен «дөңгелек үстел»  барысында  айрықша атап өтті.  Бұл іс-шара Елбасы Н.Назарбаевтың  рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ұйымдасырылған тарих ғылымы және қазіргі қазақ мемлекетінің, кәсіби тарихшы-ғалымдардың қоғамдық ортадағы рөлі  айтылды.

Институттың ғылыми қызметкерлері жетекші жобалар, олардың орындалуы мен жүзеге асуы барысындағы кейбір мәселелерді айтып,  ЖОО –дағы «Қазақстан тарихы» пәніне байланысты депутаттардың пікір білдіріп, қолдағандарына алғыстарын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың сәуір айында «Ақ жол» фракциясының мүшесі Б.Дүйсембинов ҚР БҒМ-нің атына депутаттық сауал жолдап, ЖОО –дағы «Қазақстан тарихы» пәнін қалдыруды талап еткен болатын.

Институт директоры, профессор З.Кабулдинов зерттеу институтының ғылыми-зерттеу жұмыстары, қасиетті жерлер географиясындағы ескерткіштерге кешенді зерттеу жүргізу, картасын даярлау барысы жайында жоспарларымен бөлісті.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар ЭКСПО-2017 аясында шетелдік туристердің Отандық тарихқа деген көзқарастарының артқанын, ішкі туризмнің дамуын және туристік айналымдағы тарихи ескерткіштердің маңызын да айтты. Ғалымдардың пікінше, тарих ғылымы  қаржыландыруға зәру екені де айтылды.