#
#
Сейсенбі 23/10/2018

"Осы Абай сонша не істеп мықты болды?"

  • 31.07.2018
  • 0
  • 6587

Бұрын кітап көп оқымаған, газет қарамайтын кезімде мен де осыған өзімше жауап іздеп, ойланушы едім.

Сөйтсем қазақ бұл сұраққа жауап беріп келе жатқанына бір ғасырдан асқан екен ғой.

Абай тірі тұрғанда-ақ оны бүкіл қазақ мойындап қойған. Абай қайтыс болған соң көп ұзамай Әлихан Бөкейхан өзі мұрындық болып, кітабын бастырған. Ахмет Байтұрсынұлы "Қазақтың бас ақыны" деп мақала жазған.

ХХ ғасырдың 20-жылдарында шыққан "Жаңа әдебиет" журналында "Мен қалай жаза бастадым?" деген айдар болған. Сонда Ілияс, Бейімбет, Сәкендер алғашында қалай жазғандарын еске алады. Бәрінде бір ұқсастық бар: Абайды оқыған соң жаңа деңгейге шықтым дейді.

40-50 жылдары, тіпті одан кейін Әуезов пен ол кісінің шәкірттері қатты қудалау көрген. Абайды сақтап қалу үшін.

Тәуелсіздік алған соң, 1995 жылы бірінші үлкен той Абайдың 150 жылдығы болды.

Абайды тереңірек білгісі келген адам Тәкен Әлімқұлов, Тұрсын Жұртбай, Тұрсынжан Шапайларды оқып көруіне болады. Қасым Аманжол түсірген "Анық Абай" да жақсы дейді. Бағашар Тұрсынбайұлы Абайдың балалары туралы жазып жүр. Жалпы әр қазақтың өз Абайы бар. Кенжебай Ахметовпен сөйлессеңіз, Абайдың табиғат туралы өлеңдерін мүлде басқаша түсінесіз.

Егер Абайды жоққа шығарғымыз келсе, онда аты аталған адамдардың бәрін жоққа шығару керек. Аты аталмағандардан Бауыржан Момышұлы, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков және басқа да мықты деген қазақтың бәрін бетінен алу керек.

Ұлттың ойлау деңгейі Абайдан кейін келесі бір кезеңге көтерілген. Өзі "Қазаққа қара сөзден дес бермедім" дейді. Ол өз заманындағы ғана емес, қазірге дейінгі қазақтарға дес бермей тұрған адам.

Абай арқасын исламға сүйеп, өзінің Құдай берген дарыны мен мінезінің арқасында, үлкен өркениет жетпеген кішкентай Жидебайында отырып-ақ адамзаттың ой кеңістігін еркін аралап, ешкімнен ықпай, қазаққа жаны ашып қан жылап отырып айтатынын айтып кеткен адам ғой.

Абаймен таласпай-ақ, Абайдан кейінгі орындарға талпынсақ та жаман болмаймыз. "Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос" деп, ұлт ретінде қор болмаудың, жойылмаудың формуласын айтып кеткен адам ғой. Алла разы болсын ол кісіге.

Арман Әлменбеттің фейсбуктағы жазбасынан

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар