07 сәу, 2020 сағат 15:57

Өскеменде екі жігіт өртенген үйдің терезесінен үш адамды алып шықты

Өскемен қаласының екі тұрғыны отқа оранған үйден 3 адамды құтқарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

6 сәуір күні сағат 15.12-де Попов көшесіндегі жер үйде өрт шыққан. Моншаның ағаш құрылымдары, үйге жалғанып салынған қора-қопсы мен үйдің шатыры жанған. Өрт сөндірушілер келгенше оқиға орнында болған шаһар тұрғындары Александр Страбыкин мен Александр Кузнецов қызыл жалын лаулаған үйден екі әйел мен 8 жасар баланы терезе арқылы сыртқа алып шықты. 

«Бейбіт күннің батырлары түтін мен отты байқағап қалғаннан кейін бірден көмекке ұмтылған. 3 адамды құтқарып, үй ішіндегі газ баллонын шығарған. №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 80 шаршы метр аумақты шарпыған өртті сөндірді», - деп хабарлады қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметінен. 

Александр Страбыкин автомаляр болып жұмыс істейді, ал оның досы Александр Кузнецов «НПК Герат УК» ЖШС-да өндіріс басшысы. 

«Екеуі сын сағатта өздерінің емес, өзгенің өмірін ойлап, ерлік жасады. Оларды құтқару үшін батыл әрекетке барды», - делінген ведомство мәліметінде.