20 там, 2016 сағат 14:19

Өскеменде 325 пәтерден тұратын жаңа шағын аудан салынады

Облыс орталығы Өскемен қаласында 7 көпқабатты үйден тұратын жаңа шағын аудан ашылмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Самрұқ Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ қолдауымен бой көтеретін үйлердің бүгін іргетасы қаланды.

Жібек жолы даңғылының бойынша салынатын жаңа ауданда жалпы саны 325 пәтер болады деп жоспарланған. Алғашқы кезекте тоғыз қабатты 3 үй бой көтереді. Ал тұрғындарға қолайлылық туғызу мақсатында үйлердің бірінің бірінші қабатында 75 балаға арналған шағын орталық ашылады.

Сонымен қатар, құрылысшылардың айтуы бойынша, ауданның жобасын құру барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың ұсынысы ескеріліп, әрбір үйдің жертөлесіндегі автотұрақ іші кең болмақ. Аудан құрылысының бірінші бөлігі 2018 жылы аяқталады. 

– Салынып жатқан үйлердің бағасы нарықтағы пәтер бағасынан төмен болады. Бұл жерде тек пәтерлер емес, коммерциялық мекемелер де ашылады. Алаңды толықтай абаттандырып, пәтер иелеріне қолайлы жағдай жасау да жоспарға кіргізілген, – деді «Самрұқ-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басшысы Бауыржан Мамыталиев.

Мамандардың айтуынша, құрылыс барысында заманауи құрылғылар мен құрылыс жабдықтары қолданылатындықтан, тек құрылыс сапасын артып қана қоймай, электр қуатын 20%-ға дейін үнемдеуге септігін тигізеді.