31 нау, 2020 сағат 20:35

Өскемен мен Семей тұрғындары үйден шығу үшін ПИК-тен рұқсат қағазын алады

6 сәуірден бастап Өскемен мен Семей қаласының тұрғындары үйден шығу үшін рұқсат қағазын алуы тиіс, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Рұқсат қағазының 2 түрі бар. Бірінші түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Екінші түрі – әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда орындарына, дәріханаларға, банктер мен медицина мекемелеріне баруға болады. Рұқсат қағазының жасыл түсі – жұп күні, ақ түсі – айдың тек тақ күндерінде шығуға мүмкіндік береді. 

«Рұқсат қағазы әр пәтерге біреуден беріледі. Алайда әр адам міндетті түрде өзімен бірге жеке куәлігін де алып жүруі керек. Рұқсат қағазының жарамдылық мерзімі – 1ай. Көпқабатты үйде тұратындар аталмыш қағазды алу үшін 1 сәуірден бастап ПИК-ке және кондоминиумға жүгінулері тиіс. Ал жер үй тұрғындары жергілікті басқару комитеттеріне баруы қажет», - деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында. 

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін 2 сәуірден бастап Өскемен мен Семейде қосымша шектеулер енгізілетіндігі хабарланған.