26 сәу, 2019 сағат 20:00

ОСК Сәді-Бек Түгелді кандидаттық талаптарға сай деп жариялады

Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат Сәді-Бек Түгелдің Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаулы жобасын ұсынған ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешев 2019 жылдың 22 сәуірінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігі Сәді-Бек Түгелді президенттікке кандидат ретінде ұсынуына байланысты оның тиісті құжаттарын ҚР Орталық сайлау комиссиясына ұсынғанын еске салды.

Орталық сайлау комиссиясы кандидат Сәді-Бек Түгелдің Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салды және тиісті мәліметтер алды.

2019 жылдың 24 сәуірінде ҚР Орталық сайлау комиссиясында Сәді-Бек Түгелдің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау жөнінде лингвистикалық комиссияның отырысы өтті және комиссия үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергені жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен бірге, Орталық сайлау комиссиясы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері негізінде Сәді-Бек Түгелдің Қазақстанда туғанын, ҚР азаматы екенін, соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрғанын анықтады. Оның жоғары білімі бар, сотталмаған, сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылмаған, белсенді сайлау құқығына ие және мемлекеттік қызметте және сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар.

ҚР ОСК қабылдаған қаулының 1-тармағында үміткер Сәді-Бек Түгелдің ҚР Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Заңында қойылған талаптарға сай келетіні айтылған.

Екінші тармақта облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтарын Сәді-Бек Түгелге беру тапсырылған.