13 мам, 2019 сағат 12:39

ОСК: Кезектен тыс президент сайлауына 67 халықаралық бақылаушыны тіркедік

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауына 67 халықаралық бақылаушыны тіркеді, - деп хабарлады 13 мамырда ОСК өкілі Зәуреш Баймолдина.

Оның айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының миссиясы тарабынан 22 бақылаушыны тіркеу туралы өтініш түскен. Олардың бәрі аккредитациядан өткен.

ОСК-ның хабарлауынша, шетел және халықаралық ұйым бақылаушыларын аккредитациядан өткізу 3 маусым Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасады.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының миссиясы 8 мамырда Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауының өтуін бақылауды бастаған.

Айта кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
  • қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні басталған елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол маусымның 8-іне дейін созылмақ.

Азаттық