#
#
Жұма 18/01/2019

«Өртелген кітап» туралы түйінді эссе

  • 19.12.2018
  • 0
  • 1055

Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғысханның көз жасы» хикаяты туралы екі эссе жаздым,  үшіншісі – хикаят туралы түйінді сөз.

Бұл өзі – «өртелген кітап», оны өртеген не қас надан, не нағыз ғұламаның өзі. Хикаят миссиясын түсінбеген надан бұл әрекетке «атың шықпаса жер өрте» принципімен барған. Екіншісі түсінген де, шарасыздықтан қолындағы кітапты лау еткізген. Арада ғасыр өтпей, надандықтың Абайға көтерілген қолы Рахаңа келіп дөп тиіп жатты. Осы екі кезең аралығында қазақтың интеллектуалдық деңгейінде бәлендей өзгеріс болмағаны таң қалдырады.

Жазушының хикаятты жазудағы мақсаты – ұлы мақсат болатын. Ол Шыңғыс хан болып сөйледі. Айтарын Шыңғыс хан болып айтып кетті:

«Алтын тақтың төрт бұтының астында әманда аярлық пен іштарлық, жағымпаздық пен жәреукелік, қызғаныш пен қылмыс жатады. Сатқындықты көп көрдім. Жаттан да, жақыннан да. Иттің дос болғаны жақсы, бірақ достың ит болғаны жаман»(162-бет), - деді ол.

«Ұрпағым, мен кедейді бай қылдым, қорқаққа қылыш ұстаттым, сараңды сахи еттім, өлмешіге өмір бердім. Бірақ туа бітті топас болып жаратылған адамға ақыл кіргізе алмадым. Топас жаннан және сақтаныңдар»(163-б), - деді тағы Шыңғыс болып.

Бұл философиялық хикаятта астар мен тұспал өте көп. Аллегория көп нәрсені ымдайды.

Шығарманың қатпарларында жүз шифр жасырылған, жүз рет оқысаң да, барлық жұмбағын шешу мүмкін емес.

Қай бетін ашып қалсаң да: «Құйрық жалы сүзілген мың сан сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді...» - деген сурет көзге шалына кетеді. Сұлу да еліктіріп әкететін пафос. Жан сүйсінтеді. Жазушының идеалы – осы.

Марко Поло кітабындағы «Татар құдайы мен татар сенімі сипатталатын тарауда»  шаруаға я қандай да бір мұқтаждық жағдайға түскенде итжанды келетін, көп шығын шығармайтын,  жерлер мен патшалықтарды бағындыруда алдына жан салмайтын жауынгер халық туралы былай делінеді:

«Ұзақ жолға, соғысқа аттанған кезде өздерімен көп нәрсе тасып жүрмейді, өзімен тек сүт құйылған екі былғары қап пен ет пісіретін қыш ыдысын ғана алады.  Сондай-ақ, жаңбырдан қорғанатын кішкене шатыры болады. Қажет болса, мен сіздерге айтайын, олар нәр сызбастан он күн бойы ат үстінде жүре береді, от жақпайды, қажет болса, атының қанын азық етеді; аттың қан тамырын кесіп, қанын ішеді. Сол сияқты, құрғақ сүттері бар, ол  қамырға ұқсас, өте қою болады; соны суға салып, ерігенше араластырады да сіміріп алады».

Шыңғыс түменінің ұзақ жорыққа шыдамды, жаны сірілігін суреттеуде жазушы осы прототиптен алыс кетпейді:

«Жалғыз тал ащы құртты азық қып алты күндік жолды алшаңдап өткен. Аптап сауып тұрған аспанның астында, ала қаншық ақпанның аязында қабақтарына кірбің іліп, қыңқ етпес. Жігерін жану аз, жанын қақтау керек!»(158-бет), - деп суреттейді.

Осындай  жауынгер халықтың ұрпағы қай кезден бойкүйездікке ұшырап, қай тұстан бастап ұсақтала бастап еді?

Жазушының мазасын алып, ойландыратын сұрақ та осы.  

Ол рухынан айрылған ұрпақтың күйін асқақ Шыңғыс образымен салыстыра, қатар суреттейді. Мәңгүрттік қамытын кигендегінің күнін көзге шұқығандай етіп көрсетеді.

Хикаяттағы Рахаң Шыңғысы жалқаулық пен бойкүйездік, сатқындық пен барлық әділітсіздік атаулыға қарсы соғысып жүргендей. Ұлы мұрат көздемеген соң бәрі бекер деген идеяны ұстанған автор ішкен-жегені мен бос мақтанға мәз болып өмір кешкендерді шенейді:

«Бұл далада толғатқан он қатынның бірі көзі аларып, мұрты едірейген батыр ұлан табар. Бірақ онысы өз әулетінің, әрісі бір тайпаның ауқымынан асып, қайрат көрсетсе, қане? Қозы көш жерге шапқаны мен аз нәпақа тапқанына күпті боп аптығы басылар. Ауына сыймай алшаңдаған арғымағының аяғына жем түсер. Керегеде сүйеулі тұра-тұра қос құлаш найзасының ұшын тот басар. Аз күнгі атақ-абыройын малданып, сен жақсысың деген жәдігөй сөзге алданып тоқ басар. Тоқ басар да тобығы қисайған көп можантопайдың біріне айналар»(158-б).

Мұнда «Қалың елім – қазағым...» деп қабырғасы қайысқан ұлы Абайдың мұңы бар. «Жақсы менен жаманды айырмайтындар» қай заманда  да ел арасында кездесе береді. Елді алға бастырмайтындар да солар.

Ұлы мақсат жолында Еуропаны еркін кезіп, жердің күллісін өз төріндей жайлаған Шыңғыстың шырқын түркінің өз жерінен әлсін-әлсін шыға беретін шәлкестік мінездері бұза береді.

Мұнымен жазушы не айтқысы келген?

Жазушы философиялық көзқарас сүзгісіне сала келе, надандық, ашкөздік, сатқындық кеселдер іштен меңдеген кезде Шыңғыс ханның қара аспанды қақ айыратын қаһарына да жеңістік бермей кетуі ғажап емес екенін анық меңзейді. «Білінер-білінбес сыздауықтай Саудакенттің шәлкестігін тыю үшін шартараптан түмендерін шақыртты» деген жазушы бәрінен де «іштен шыққан жау жаман» екенін, оны дер кезінде тыймаса, қауіптің үлкені содан келетінін әсірелей көрсету арқылы білдіреді:

«Қалың түмен шартараптан шаң көтеріп жетіп, шаһарды қоршаған. Өзі аулақтау қыр басында ақ ордасын қондырған»(175-б).

Айбарлы Шыңғыс хан мен шаһардың «кекірігі азған бектері мен майға бөккен үйректей байпаң қаққан байларының» зәрелерінің қалай ұшқандығы суреттелген фрагментте айқын парадокс, Рахаң қаламына тән ащы сатира бектер мен байлардың сүйкімсіз сипатынан ғана емес, олардың барлық қимыл-әрекетінен көрінеді:

«Сүт пісірімге жетпей шаһар қақпасы айқара ашылған. Басына дағарадай сәлде ораған бірі ақбоз атымен алқына шапты. Соңынан айғырдың тезегіндей топтанып өзгелері ілесті. Қозы жайылым жерге келіп ұйлығысты. Қыр басына тігілген ақ орда үкі көздендіріп үрейін ұшырған. Қалшыл қағып қаралай жүрістерінен жаңылған. Ықыласын бермеді. Томаға тұйық жатып алған. Өндіршек созғанымен оларға өңмеңдеу қайда? Үш күн нәр татырмай ұстаған. Шыжыған шілде ыстығында үйткен терідей күйіп қалсын деген. Дүниеқоңыз дүбәралардың сөйтіп төзімін сарыққан. Өңшең санасыз еді. Сәуле түсе ме деп ойлаған...»(176-б).

Қаһарлы Шыңғыс үшін күллі жер жүзін жаулап алудан гөрі, «өңшең санасызға сәуле түсіру» әлдеқайда қиын, жазушы осыны астарлайды. Адамды адамшылық болмысынан лезде айыратын дүниеқоңыздықпен бетпе-бет келгенде, Шыңғыс ханның өзі шарасыз:

«Олжа бөліске келгенде әр найза иесінің қоржыны алтын-күміске толып, мелдектеп жүргенін қайда қоясың? Қабағымен жасқамаған. Қолдарын қақпаған. Алтын-күміс қатын-бала қызығар әшекей-дағы. Арандары ашылып кетсе, алшыншы деген»(158-б).

Шығармада сатқындық, дүниеқоңыздық, астамшылдық, қатігездік, жағымпаздық, қызғаншақтық, т.б. туралы аз айтылмайды.  Автор пайымдауынша, бұл жарық дүниеде ізгілікке еңсе тіктетпейтін де осылар.

Шығармадағы ізгі жүректі қарапайым ел бейнесі тек аллегориялық сипатта көрінетінін алдыңғы эсседе айттым. Оған қосарым, автор Жошының өлімі  аңызда айтылғандай, ақсақ құланнан келді деген аңызға қарама-қайшы өз көзқарасын алға тартады, табиғаттың адал төлін ондай жаманатқа қимайды.

«Әй, анау топ алдындағы есік пен төрдей қара қасқа ат мінгені таныс мүскін ғой. Құлан Қыпшақ Ақсақ батыр болмасын. Сол, соның нақ өзі»(159-б).

«Киік ізінен көтерілген шаңның көз бермей кетуін. Бұқпантайлап келіп, Ақсақ Құлан бас салмаса қайтсін?»(160-б).

Хикаятта қаһанның сүйікті ұлы Жошының өлімі «мұның [Шыңғыс ханның] тепкісінен қорқып, жанына үркердей қосынын алып Карпат тауына тығылған, Хунгар ханы Беланың аяғына жығылды дескен, құлдық ұрып жүріп оймақтай жер алыпты, күні үшін дінін сатыпты дескен»(159-б.) Көтен ханның ағайыны Құлан Қыпшақ Ақсақ батырдан келген. Яғни, түз еркесі құланның тұяғынан емес, адамның қолынан өлген.

Р.Отарбаевтың жазушылық танымында табиғаттың төл перзенттері жан-жануар, аң-құс – ең ізгі жаратылыс, «зұлымдық тек адамнан келеді». Сосын табиғатқа сүйіспеншілігі ерекше:  «жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жер» деп жырлаған Қазтуған жырау сарынымен:

«Жабайы құланы тұрмақ, қыр кезген киігіне дейін тоқ баса алмай жүр екен»(154-б), - деп, Ұлытаудың от-шұрайын келістіре суреттейді.

Хикаятта адамзатты бір бағытқа – ізгілікке бағыттаған Шыңғыс хан бейнесі – даналықтың темірқазығы етіп алынған.

«Шыңғысханның көз жасын» жазуда Рахымжан Отарбаев жусан аңқыған жер төсін – төріндей, сансыз жұлдызы жымыңдаған аспанды – түндігіндей көрген қазақтың табиғатпен қайта қауышар кезін аңсайды. Табиғатқа жақындау арқылы ғана біз өркениет иірімінде жоғалтқан рухымызды қайта табуымызға  мүмкіндігіміз бар.

Ол – арыстандай ақырған қаһарлы Шыңғыс қаһан рухы – иісі қазақтың бұдан әрі ұсақтала беруіне тосқауыл қоятын көшпендінің асқақ рухы. Бұған еш дау жоқ.

Анар Кабдуллина,

әдебиеттанушы.

Ұқсас жазба: 

"Рахымжанның көз жасы"

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар