16 қаз, 2019 сағат 09:23

«Орталық Азия - Оңтүстік Корея» форумы өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Сыртқы істер министрлері мен Түрікменстанның Қазақстандағы Елшісінің қатысуымен он екінші «Орталық Азия - Оңтүстік Корея» форумы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Ұлт ақпарат.

Форумды ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ашты.

«Қазақстан барлық уақытта «Орталық Азия – Оңтүстік Корея» форумының рөлін нығайту үшін күш салып келеді. Корея Республикасымен өңір елдерінің ынтымақтастығын дамытудағы айрықша қарым-қатынасымызға Қазақстанның форумға қатысу деңгейін Сыртқы істер министрлеріне дейін көтеруге бастамашылық жасауы дәлел бола алады. Біздің ойымызша, «Орталық Азия – Оңтүстік Корея» форумының алаңы Корея Республикасын Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылын нығайтуда тиімді тетік қызметін атқарады» деді министр өз сөзінде.

Бірнеше ғасырлық тарихы мен мәдениеттері жақын Орталық Азия елдері бүгінде әлемнің қарқынды дамушы өңірлерінің біріне айналып отыр. Сонымен қатар Орталық Азия елдері дүниежүзінде маңызды стратегиялық жағдайға ие, адами және экономикалық әлеуеті жоғары. Табиғи және өнеркәсіптік ресурстарға да бай.

Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрі  Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңір елдерімен бауырластық қарым-қатынасты нығайтуға айрықша назар аударатынын атап өтті.