22 қаң, 2018 сағат 14:34

Ортақ тарихымызға таңба түспесін

 

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың

дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге

көз жіберуіміз керек».

Нұрсұлтан Назарбаев

Мемлекет теориясының негізін қалаушы әр замандағы саяси сана саңлақтары қоғамның саяси саласын, оның даму заңдылықтарын, қазіргі саяси өмірді ұйымдастыруды, басқаруды, оның құрылысы мен жұмыс істеуін өткен және қазіргі уақытта бар мемлекеттер тарихын терең зерделеу арқылы тұжырымдап отырған. Бұрынғы және қазіргі саяси жүйелерді және осы контекстен туындаған жағдайларды тарихи-салыстырмалы талдаулар арқылы жіктеп көрсетуге ұмтылған.

Белгілі бір саяси көзқарастар жиынтығы арнасында мемлекет саясатынындағы басшының рөліне де жете көңіл бөлген. Әсіресе, халықаралық саясат шеңберіндегі саяси реализм мәселесі, оның ішінде дипломатиялық қарым-қатынастың сырт қарағанда қарапайым, ал шын мәнісінде аса нәзік жақтарын сипаттаған, сақталуы мен орындалуы тиіс қағидатқа айналған ережелерді де тізбектеп берген болатын.

Қазіргі уақытта бүкіл әлемдік қоғам мемлекеттер тарихынан түзілген  саяси ой-сана тұжырымдарының қоғамға ең залалсыз және ең бастысы пайдасы мен игілігі  мол жақтарын өмірге енгізуге үнемі мүдделі болуда. Және сол ұстанымға түпкілікті бет бұрды.

Қазақстан Республикасы да дүниежүзілік қауымдастық қатарында адам құқығы бірінші кезектегі демократиялық қоғамды қалыптастырған мемлекеттер санатына батыл енді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың әлемдегі ықпалды мемлекет басшысы ретінде кеңінен танылуы еліміздегі демократизм қағидаттарының берік қалыптасуы мен іс жүзінде көрініс беруінде.

Геосаяси кеңістікте әлемдегі ең күшті деп танылған үш мемлекеттің екеуімен көршілес болуымыз және  ол мемлекеттермен жақсы деңгейде қарым-қатынас орнатуымыз да айтқан ойымызды түйіндейді. Ежелден туыстас басқа көршілес елдермен де халықаралық саясат заңдылықтарын қатаң сақтай отырып, тығыз байланыс орнаттық. Бұның бәрі - тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаттағы парасатты ұстанымы және мемлекет басшысының көреген саясатының нәтижесі.

Қай елдің болсын мемлекет ретінде өмір сүру дәстүрлері оңайлықпен қалыптаспайды. Бұл тарихи негізге және тәжірибеге сүйенген ел басқару туралы тұтас ілімдердің кешенді жиынтығы десек те болады. Сонымен бірге елдің өзінің де мемлекетке деген іштей байланысы мен жауаптылығы болады. Қазақ қоғамы хандық дәуірде бұл құбылысты тарихи тұрғыда өтті және ұлттық контексте халқының жадысына сіңірді. Байырғы жерінде арғы мемлекеттілік тарихындағы дәстүрлерді біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан қазақ этностық сипатына көтерді. Тарихи тамырлар сабақтастығы халықтық жады санатында өрби келе «мемлекеттік һәм халықтық мінезінде» айқын көрініс тапты. Қазақ халқының кеңдігі мен дархандығы сол мінездің түбірі.

Ал, көршілес қырғыз халқының  тарихы ХҮ ғасырдың бас кезінен ХҮІІІ ғасырдың  орта тұсына дейін Қазақ хандығы құрамында өрбігені тарихтан белгілі (қараңыз: Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарихы. Бишкек, 2003). Қырғыз халқы  тарихи көршілес болғаннан бастап қазақ қоғамының қамқорлығы мен қайырымын көп көрген халық. Жалпы алғанда, Қырғызстан - мемлекеттік дәстүрі жаңа қалыптасып келе жатқан халық, мемлекет басқару тетіктері де, мемлекетаралық этика да жаңа пайда болып келеді. Сол себепті де халқы мен мемлекеттілік тарихын тереңдетіп беру «құштарлығы» түсінікті жайт.

Мемлекеттің халықаралық им­ид­жі оның ұлттық қауіпсіздігін қалыптастырудың құралы, әлемдік кеңістікте мемлекет мүдделерін алға жылжытудың және қорғаудың тиімді тетігі болып табылады. Мем­лекет сыртқы әлемде өзін жақсы танытқан сайын, оны шет елдерде жылы қабылдай­ды. Бүгінгі таңда Қазақстан Рес­публикасының ха­лық­аралық мәртебесін Батыс пен Шығыс елдері, яғни әлемдік қауым­дастық мемлекеттерінің көбі мойындады. Қазақ­стан еуропалық және азиялық көптеген саяси, экономикалық ұйымдар мен одақ­тар­ға мүше болумен бірге, түркі тіл­дес әлем кеңістігіндегі сан-салалы қау­ым­дас­тықтардың белсенді мүшесі болып табылады. Сондықтан Қазақстан Респуб­ли­­ка­­сы­ның қазіргі әлемдегі салиқалы орны, оның байсалды  ұста­нымдары, халықтың тарихи қалып­тас­қан дәстүрлік және әлеуметтік-мә­дени бағыттары еліміздің үздіксіз әрі кеңінен  танылу үдерісінде  маңызды рөл атқаруда.

Бір географиялық кеңістікте ғасырлар бойы  жалғасқан ортақ тарихы бар Қырғыз жұртының дербес мемлекеттілік тарихы жиырмасыншы ғасырлар бедерінде ғана қалыптасқаны ақиқат дүние. Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдары ішінде Қырғыз елінде орын алған бірсыпыра келеңсіз саяси жағдайлар тамыры мемлекеттілік тарихының дербестік сипатта енді ғана орын алу тарихын ескермегеннен бе деген ой туындайды. Бұл ойға жетелеген жағдай төл тарихын үстірт зерделеген бұрынғы президентінің ойланбай сөйлеген сөздері.

Түркі әлемінің тарихының шымырлап қайнаған қара қазанының иесі, иісі түркі жұртының киелі мәйегі – Қазақ жері екенінен хабарсыз адам ғана сондай сөздер айтуы мүмкін. Біз, бұл арада «дипломатия – ұлт қуатының  басты элементі» деген әлем мойындаған тарихи пікірді алға тартамыз. Өйткені, дипломатия өзінің басты мақсаты – ұлттық мүдделерді  бейбіт жолмен қамтамасыз етуге ұмтылады. Айқын мемлекеттік ақыл-ой және дұрыс мағына беретін әрекет басшының қайраткерлік келбетін береді. Қырғыз елінің бұрынғы президентінің әрекетін тарих өз таразысына сала жатар. Біздің айтпақ ойымыз басқа.

Тарихи тамыры бір, туысқан екі елдің халқы тарихтың талай сынынан бір-біріне қолдау көрсетіп, бүгінгі күнге дейін әрқайсысы дербес ұлт ретінде сақталып жеткені де тарихи шындық. Қос халыққа аса қасіретті болған 20-ғасырдың кесірлі саясатына да төтеп бердік. Сұрапыл ғасырдың қайғылы шежіресі зұлматты заманның бұғауына іліккен қазақ пен қырғыздың тап болған жағдайға мойымай бір-біріне жанашырлық танытқаның тарихи-танымдық және ғылыми-көпшілік әдебиеттер арқылы бүгінгі ұрпақ біледі.

Кезінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Біз Қырғызстанды Орталық Азиядағы одақтасымыз әрі маңызды әріптесіміз деп санаймыз. Бір туған екендігімізді, жақын екендігімізді ылғи айтамыз ғой. Енді бос сөзбен айналыспай, мұны іс жүзіндегі шаралармен толықтыруымыз керек» деп екіжақты тығыз байланыс келешегін айқындап берген болатын. Міне, Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков те: "Қырғыз-қазақ қарым-қатынасы тарих, мәдениет, рухани құндылықтардың тұтастығына, тату көршілік және бауырластыққа негізделген. Қазіргі проблемалар уақытша, оның үстіне тараптар жағдайды реттеу жөнінде бірнеше келіссөз жүргізді. Таяу уақытта барлық мәселе шешімін табатынына сенімдімін", — деп пікірін білдіруде. Сөзсіз, көңілге қуаныш ұялататын пікір. Қазіргі қалыптасқан ахуал біртіндеп реттелетініне сенімдіміз. Екі елдің тарапынан осы бағытта барлық жағдайлар ескеріліп, тіпті қарым-қатынасымыз одан сайын жоғары деңгейге жететін болады деген нық сенімдеміз.

Қазақстанның Елбасымыз айқындап берген «қазақстандық жол» -  ұлттық даму жолымыздың айнымас бағдары болған және өз кезегімен жүзеге асып жатқан стратегиялық бағдарламалары бар. Ұлттық-мемлекеттік өркендеу аксиомасына айналған стратегиялар замана ағымына орай үнемі әрі үздіксіз жетілдірілуде. Ғылыми негізделген қағидаттарға берік жүгіндірілген. Сол себепті де Қазақстанның дүниежүзі елдерінің алдыңғы қатарынан көрінуге бүкіл қоғам болып ерекше ынта танытып және сол ортақ мақсат-мүддеге лайықты мазмұнда ұйымдаса мағыналы әрекет етуі - «табыстың қазақстандық формуласы»  қағидасын өмірге әкелді.

Бұның бәрі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі. Еліміздегі қоғамдық  дамудың барлық өрістерінің әлемдік кеңістікте жан-жақты интеграциялануының жарқын көрінісі. Қазақстандық қоғамның тың күш алып аса мағыналы серпіліс жасауына айырықша ықпал еткен және зор жігермен атқарылып жатқан жалпыхалықтық  рухани жаңғыру үдерісінің бастамалары. Қазақстандық қоғамдық сананың ашықтығы дәрежесін әйгілеген іс-шара. Әлемдік ой-сана жемісі деңгейінде адамзаттық жетістіктерге жетелейтін игілікті болашақ үшін ғылыми басқосу. Міне, қазақстандық ұстанымның ғаламдық формуласы.

Қатал да қасаң саясаттың тізгінің алып жүру тарихи тұлғаға ғана тән құбылыс. Ұлы Дала өркениетінің жасампаз жетістіктерінің һәм бүкіл түркі тектес халықтардың тарихи бастауларының алтын бесігі - бүгінгі күні тәуелсіз елі бар Қазақ жері екені әбден мойындалған және сан мәрте дәлелденген.

Қырғыз елінің кейбір азаматтарының түркі халықтары тарихына қатысты «ревизия» жасау қадамдары ең алдымен өз халқын тарих жолынан жаңылыстыратын болады. Екіншіден, қарапайым жұртшылықтың жадысына жалған тарихи ақпаратты күштеп тану әрекеті ұрпақты адастыру болмақ.  Әлемдік, қала берді түркілік тарих кеңістігінде танылмаған тарихпен ұзаққа бармас болар. Тарихыңның айшықты көрінісіне көлеңке түсері сөзсіз. Керісінше, қылау еткен мүмкіндіктерге орай жақындасу және оны мығымдау тетіктерін бекіте түсуге икемделген жөн болар. Киелі Қазақ жерінің қадір-қасиетін сыйласымдықтың ғаламат көкжиегі арқылы таныған, бас иген сан мәрте халықтардың тағдырына   өмірлік нәр бергенін біз емес, олардың өздері айтқанына тарих жылнамасы куә.

Қазақ халқының, жалпы қазақстандықтардың көршілермен қарым-қатынасы қай заманда болсын бір ғана ұстанымға – толымды сыйласымдыққа байланған. Сыйласымдық - жалпыадамзаттық адамгершіліктің өрелі мәртебесін  білдіретін қастерлі қасиет.

Тарихтан белгілі, мемлекет ретінде өмір сүру дәстүрлері оңайлықпен қалыптаспайды. Бұл тарихи негізге және тәжірибеге сүйенген ел басқару туралы тұтас ілімдердің кешенді жиынтығы десек те болады, сонымен бірге елдің өзінің де мемлекетке деген іштей байланысы мен жауаптылығы болады. Қазақ қоғамы хандық дәуірде бұл құбылысты тарихи тұрғыда өтті және ұлттық контексте халқының жадысына сіңірді. Байырғы жерінде арғы мемлекеттілік тарихындағы дәстүрлерді этностық сипатқа көтерді.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қырғыз елінде орын алған бірсыпыра келеңсіз саяси жағдайлар тамыры мемлекеттілік тарихының тұтас этностық сипатта енді ғана орын алуын білмейтін адамдарының билікке келуінен бе деген ой туындайды. Бұл ойға жетелеген жағдай төл тарихын үстірт зерделеген бұрынғы президентінің ойланбай сөйлеген сөздері.

Біз, Қазақстан тарихшылары, қазіргі уақытта екі ел халқының жекелеген саясаткерлерінің айтқан пікіріне байланып қалмай, ой мен сана өрелігін көрсетіп, тату-тәтті өмір сүру қағидаттарының берік сақталуына мүдделі болуға тиістіміз. Қырғыз әріптестеріміз де осы ойды қолдайтынына сенімдіміз.

Ерлан САЙЛАУБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Тарих факультетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты