01 нау, 2018 сағат 10:53

Өрт сөндіру техникасын жаңарту үшін жыл сайын 6 млрд теңге қаражат бөліп отыру қажет

Еліміздегі қолданыстағы өрт сөндіру техникаларының 40 пайызға жуығы өткен ғасырда шығарылған. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдайлар комитетінің қарамағындағы 2695 өрт техникасының 37 пайызы немесе 1001 автокөлік өткен ғасырдың 70-90 жылдарында шығарылып, әлі күнге дейін пайдаланылып келеді.  Көліктер нормативтік мерзімі өтіп кетсе де қолданыста және оларды айырбастау қажет.

Жергілікті бюджет есебінен төтенше жағдаймен күресу үшін өртті сөндіретін 68 арнайы техника алынды.  Ал 2017 жылы республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген жоқ»,-  деді Юрия Ильин Мәжілістегі «Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік жүйенің жай-күйі мен даму перспективаларын туралы» дөңгелек үстел отырысында.

Вице-министрдің айтуынша, өрт сөндіру техникасы паркін жаңарту үшін жыл сайын кемінде 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөліп отыру қажет.

«Бұл қаражат Төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінің үнемі дайын тұруы үшін шамамен 150 техника сатып алуға жетеді», - деді ол.