07 жел, 2017 сағат 16:42

"Өрлеу" жобасына қатысқан мақтаралдықтардың табысы 4,3 есе өскен

Мақтарал ауданында "Өрлеу" жобасының арқасында кәсібін ашып, әлеуметтік жағдайын түзеп жатқан отбасылар көп. Биылдың өзінде 3046 отбасындағы 18909 адам дәл осы жобаның жемісін көріп отыр.

"Өрлеу" жобасының арқасында қаржы алып, сауда дүкенін ашқан Гүлизар Менглисқызы бүгінде отбасын асырап, бала-шағасын бағып отыр. Жобаның арқасында 564 000 теңге алған ол Елбасымыздың саясатына дән риза. Сол сияқты Қорғанбай Убайдуллаұлы 391000 теңге қаржылай көмекті мақсатты түрде жұмсағанның арқасында 3 ірі қара мал алып, шаруашылығын дамытқан.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша "Өрлеу" жобасына қатысқандардың 14,9%-ы, қаржылай көмек алғандардың 27,4%-ы мақтаралдықтар екен. Аудан бойынша жобадан қаржылай көмек алғандардың 79,6%-ы мал шаруашылығымен айналысуда, сондай-ақ құс шаруашылығы, сауда-саттық, өндіріс т.б. кәсіппен айналысып жатқандар да бар. Соның арқасында жобаға қатысушылардың табысы 4,3 есе өскен.

Айта кетейік, 2017 жылы "Өрлеу" жобасы арқылы мақтаралдықтар жалпы сомасы 1,6 миллиард теңге қаржылай көмек алған.

«Өрлеу» жобасы Елбасының «100 нақты қадам» жоспары негізінде жасалған. Жоспардың 84-ші қадамында былай делінген: «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру. Әлеуметтік көмекті тек оған шынымен зәру азаматтар ғана алады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетін болады». Қазіргідей дағдарыс жайында жұмыссыздық пен кедейліктің шегінен шығудың жолдарын мемлекет те барынша ұсынып жатыр. Соның бірі - «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы. Жасыратыны жоқ, қоғамда әйелі мен бала-шағасының нәпақасына жармасып, жұмыс істемей жүре беретін ер азаматтар көбейіп кеткен. Оларға атаулы әлеуметтік көмек беру арқылы кедейліктен арылтудың мүмкін еместігі күн сайын аңғарылып келеді. Сондықтан, мемлекет халықтың қолына қармақ беру үшін «Өрлеу» секілді жобаларды қолға алуда.