25 қаң, 2019 сағат 20:00

Оразақын Асқармен қоштасу рәсімі өтті

Бүгін Жазушылар Одағы ғимаратында белгілі ақын, қоғам қайраткері Оразақын Асқармен қоштасу рәсімі өтті.

Қаралы жиынға ақынның ағайын-туыстары, замандас достары, зиялы қауым өкілдері мен қатар атамекені Жаркенттен, Панфилов ауданынан, Алматы облысы әкімдігінен арнайы азаматтар келіп, ақтық сапарға шығарып салды.

Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдаулет сөз сөлеп, жылы естеліктерін де тілге тиек етті.

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры Асхат Маемиров Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жеделхатын оқып берді. 

"Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, көрнекті қаламгер, ұлт жанашыры Оразақын Асқар ағамыз дүниеден озды. Ұлттық әдебиетімізде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған талантты суреткер, қазақтың біртуар азаматы келмес сапарға аттанды. Қазақ әдебиетінің қаралы күні баршаңызға қайғырып көңіл айтамын. Алла алдыңыздан жарылқасын, аға! Жаныңыз жәнатта болсын", - делінген Мәдениет министрінің көңіл айту хатында.

Айта кетейік, Оразақын Асқар 84 жасына қараған шағында өмірден өтті. Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде дүниеге келген. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінде алып, Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деп аталатын гимназияда оқыған. 

1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түсіп, оның екінші курсын аяқтағаннан кейін «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрды. Бұл жылдары сол газетке және «Шұғыла» журналына өлеңдері жиі жариялана бастайды. 1955 жылы атамекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. 1955 жылы жарық көрген «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына өлеңдері енген.


Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Қазақтың қара өлеңін жинап, екі томын бастырды. 

1996 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10 жылы» медальдарының иегері. Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері. Панфилов ауданының Құрметті азаматы.