24 қаң, 2019 сағат 10:54

Оразақын Асқар дүниеден озды

Қазақтың көрнекті ақыны Оразақын Асқар 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл хабарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі растады.

"Оразақын Асқар бір сағат бұрын Алматыда ауыр науқастан қайтыс болды. Ақынның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Марқұмды шығарып салу мен жерлеу бойынша кейінірек ақпарат береміз", - деп жауап берді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.

Ал, одақтағылар ақынмен қоштасу рәсімінің Жазушылар одағында өтетінін, нақты уақыты қосымша хабарланатынын жеткізді. 

Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде дүниеге келген. Құлжа қаласында гимназияны бітіріп, Үрімші қаласындағы Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түскен. Қосымша «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрған. 1955 жылы атамекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. 1955 жылы жарық көрген «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына өлеңдері енген.

Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырды. «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысты.

1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты. "Ерен еңбегі үшін", "Тәуелсіздіктің 10 жылы" медальдарының иегері. Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері. Панфилов ауданының Құрметті азаматы.

"Тұңғыш" (1964), "Мейірім" (1969), "Күнгей" (1975), "Ләйлә" (1977), "Көкорай" (1979), "Балқарағай" (1981), "Сәулет" (1984), "Таудай бол!" (1984), "Белжайлау" (1985), "Өркеш" (1987), "Керімсал" (1991), "Баркөрнеу" (1992), "Керімсал" (1994), "Жарапазан" (1995), "Орбұлақ" (2000), "Тәуелсіздік тартулары" (2001), "Отан деп оянғанда" (2004), "Атамекенге оралғанда" (2005), "Қос қоңырау" (2005) "Алтын абдыра" (2007), "Ел ішінде" (2008), "Балаларым - бақытым" (2008) атты және т.б. жыр жинақтары жарық көрген.