#
#
Сейсенбі 21/11/2017

«Оралман» фильмі Италияда екі бірдей жүлдеге ие болды

  • 27.10.2017
  • 0
  • 3008

Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» көркем фильмі Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» («Бүгінгі дін») кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, аталған туынды SIGNIS тәуелсіз қазылар алқасының арнайы жүлдесіне қол жеткізді (Коммуникация жөніндегі әлем католиктері ассоциациясының жүлдесі).

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильм туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды.

Биыл халықаралық «Religion Today» кинофестивалінің негізгі байқауында 28 елден 41 толықметражды картина бақ сынады. Фестивальдің үздік фильмдерін халықаралық қазылар алқасы анықтады. Олардың құрамында режиссер Бенджамин Фрейденберг, сербиялық режиссер Горан Радованович,  «Кинодағы босқындардың үні» бағдарламасының директоры  Бернадетт Шрамм және басқалар.

Фестивальдің Бас жүлдесі италиялық режиссер Эрманно Олманың «Көрдіңдер ме, мен де сендер сияқтымын» атты картинасына бұйырды. «Үздік қысқаметрлі фильм» жүлдесін Луиза Роуздың «Чоп» фильмі иеленді, ал «Үздік деректі фильм» жүлдесі ирандық режиссер Беруз Нуранипурдың «А 157» атты фильміне берілді.

Одан бөлек, фестивальде халықаралық қазылар алқасымен бірге SIGNIS тәуелсіз қазылар алқасы жұмыс істеді. Оның құрамында Маттео Асти (Италия), Гуидо Конвентес (Бельгия), Бланка Мария Монзон (Аргентина) және Магали Ван Реет (Франция) болды.

Тәуелсіз қазылар алқасының мүшелері «Оралман» фильмінің режиссері Сәбит Құрманбековке айрықша алғыстарын білдіріп, былай деді: «Бұл фильм Орталық Азиядағы ең керемет фильмдердің бірі. Қарияның атажұртына деген махаббаты әдемі бейнеленген. Егер де әр босқынның жүрегінде ата жұртқа оралуға деген үміт болса, қиындықтарға қарамастан, мақсатына жете алады».  

Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» көркем фильмі осы жылдың басында Иранның астанасы Тегеранда өткен  35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын.  Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды.

Айта кетсек, «Оралман» көркем фильмі  халықаралық прокатқа шығып, шетелдерде көрсетіліп жүр. Бұл фильмді бірінші болып Австралияның талғампаз көрермендері тамашалады. Келесі жылдың басынан бастап «Оралман» фильмі Италияда прокатқа шығатын болады.

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар