21 там, 2019 сағат 11:05

«Оралман» деген сөзде кінәрат жоқ

Талқыға түскен тақырып

«Оралман» – заңдық-құқықтық қатынас, заманға сай ресми құжаттама үшін, сырттан елге оралған ағайынның құқығы мен міндеттерін заң аясында реттеу үшін қажеттіліктен туған сөз.

Ол – «репатриант» («атамекеніне оралушы») деген халықаралық орныққан терминнің қазақ тіліндегі баламасы ретінде ойлап табылып, қабылданған және әбден қалыптасқан атау. 

Арнаулы терминдік мәні болғандықтан, «оралман» – мемлекет ісі, жұрт үшін, әсіресе көздері жәудіреп, Қазақстанға біржола көшкісі келіп жүрген сырттағы мың-миллиондаған қандастар үшін өте керек, заманға сай термин. Ондай статус-мәртебесіз шет елдегі қазақтар атамекенге түбегейлі, қазіргі өркениеттік тәртіппен, заңды жолмен және, ең бастысы, жеңілдік арқылы келе алмас еді. Сондықтан «оралман» – жай ғана аударма емес және шамданып, шала бүлінетіндей қорлық сөз де емес, маңызды термин сөз. Ал термин, заңдық терминология нақтылықты, ғылымилықты қажет етеді, онда екіұшты мағына болмауға тиіс. Басқа синоним сөздерден айқын ірге ажыратқан, ішкі мағыналық қайшылық тудырмайтындай болуы керек. Мысалы, көп адам қайта-қайта ұсынып жүрген «отандас», «қандас», «ағайын», «бауырлас», «қазақтар», «туыстар», т.б. тәрізді сүйкімді сөздер құлаққа жағымды болғанмен, термин бола алмайды. Неге? Өйткені оның біреуі де «шет елден Отанына оралған ұлты қазақ азамат» деген нақтылы мағынаны толық беріп, статустық мәнге ие бола алмайды. 

Сабыр Адай айтқандай, «Әр қазақ – менің жалғызым». Жылы естілетін, жанға жағымды, жақындастыра түсетін жаңағыдай сөздерді ешкім ешкімге қимай отырған жоқ. Алайда олардың бәрі – оралманға да, оралман емеске де, елдегі де, сырттағы да жалпы қазаққа қатысты кез келген жағдайда қолдана беруге болатын және өз функционалдық мағынасы бар байырғы сөздер. Олар «репатриант емес» қазақты «репатриант» қазақтан ажыра алмай тұр. Мәселен, мен барлық қазақпен қандаспын, отандаспын, бауырласпын, туыстаспын, бірақ репатриант емеспін ғой. Барша қазақ, бүкіл отандастар Қазақстанға шекара сыртынан келген жоқ қой. Ал «оралман» – репатриант деген сөз. Ол – шет елден қоныс аударған қазақты жергілікті халықтан (өзге қазақтан) ресми түрде ажырату үшін берілетін уақытша ғана статус. Атамекеніне түпкілікті орнығып, азаматтық алған соң ол адамға қатысты бұл термин қолданылмайды. Соны түсіну керек. Ал «оралман» сөзінің біреуге ұнап, біреуге ұнамауы – мүлде басқа әңгіме. 

Бір өкініштісі, ешкім ешкімнің аузына қақпақ бола алмайды. Дұрыс, өзім деп келген ағайынды өзекке тепкендей, кейде «моңғол», «қытай», «өзбек» деп жататындарға ренжу орынды, ал «оралман» деген терминге өкпелеу жөнсіз-ақ. Осы сөз кейбіреулерге неге ұнамайтыны тіпті түсініксіз. Ол әлдебір ерке келіннің: «Бізді «келін» демеңіздер, «шаңырақтас», «туыстас», «қыз» деп айтыңыздар», – деп кесірленуі тәрізді шамамен. Өйткені «келін» мен «оралманның» түбіріндегі «кел», «орал» сөздері мағыналас және екеуінде де ешқандай кемсіту, қорлық реңкі жоқ. Біздіңше, түк кінәратсыз терминге бола тұлданып, ширек ғасырдан соң, жарты жолда оны ауыстыруды талап ету – жалған намыстың көрінісі. 

Тоқетерін айтқанда, мәселені дұрыс түсінетіндей білім мен білікке сүйену орнына құр шамшыл сезімге, алыпұшпа эмоцияға еруді, өзін-өзі қараптан қарап қор сезіну синдромы мен көңілшек сентиментке салынуды, яғни жалған намыс пен орынсыз өкпені қою керек. «Оралман» сөзі қала беруге тиіс.

Батырболат Айтболатұлының фэйсбуктағы жазбасынан