06 ақп, 2017 сағат 09:34

Оралдық студент адам ойын оқитын құрылғы жасап шығармақ

«Нейроскай» деген құрылғы біздің миымыздағы сигналды қабылдап, компьютерге шығарады, деп жазады 24.kz.

«Арнайы бағдарламаны меңгеру үстіндеміз. Бұл бізге болашақта тіпті адамның ойын оқуға мүмкіндік береді. «Нейроскай» деген құрылғы біздің миымыздағы сигналды қабылдап, компьютерге шығарады. Ол миымыздың жұмысын, не ойлайтынымызды көрсетеді. Болашақта осы технологиялар, мысалы, мұғалім сабақ бергенде оқушының тыңдап-тыңдамайтындығын көріп біле алады. Қазіргі уақытта миым жұмыс істеп жатыр, бірақ та шаршадым, соны көрсетіп тұр», — дейді студенттік конструкторлық бюроның мүшесі Әмір Қами.

Технология саласындағы тәжірибе әлемдік деңгейдегі үздіктермен терезе теңестіру үшін қажет. Бұл жерде берілген білім жастардың мектеп пен жоғарғы оқу орнында алған білімін бекітуге жәрдемдеседі. Бәсекеге қабілетті мамандар кейін құрылыс пен өндіріс, робот техникаларын құрастыру, медицина және еліміздің кибер кеңістігін қорғау саласына  үлес қоспақ.

«Біз негізгі екі бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соның бірі шет тілдерін меңгеру барысында пайдаға асады. Мәселен, арнайы көзілдірікті киген студенттің алдына бір нәрсені қоямыз. Сол кезде арнайы бағдарлама оның шет тіліндегі аудармасын көрсетеді. Оқытудың мұндай тың әдіс-тәсілдері үйренушінің қажетті сөздерді ұмытып қалмауына көмектеседі», — дейді университет профессоры Сергей Кибальников.

Жылдың басты құжатында Президент цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустриялар өркендеуі тиіс екендігін айтты. Яғни еліміздің білім беру мен медицина саласында технология жетістіктері кеңінен қолданылуы қажет. «Біздің басты мақсатымыз – осы бағытта тың жаңалықтар ашу», — дейді университет ректоры.

«Бүкіл әлемде үлкен дағдарысқа ұшырап жатқан уақытта біздің Қазақстан қалыпты, жоспарлы, беделді күйінде тұр. Соның ішінде біз бірнеше модернизациядан өтіп жатырмыз. Міне, IT технология дейміз. Басты бағытымыз – сол cандық технологиямен бәсекеге қабілетті, әлемдегі ең мықты мемлекеттердің қатарына кіру», — дейді Қазақстан ИТЖ университетінің ректоры Ақсәрік Әйтімов.

Университетте 12 мыңдай студент білім алып жатыр. Олар меңгеретін 20 мамандықтың тең жартысы қазірдің өзінде инновациялық технология саласында қолданыста. Мәселен, ізденуші жастар 3D принтинг арқылы модельдеу тәсілдерін үйренеді. Олардың бірқатар IT жобалары биыл EXPO 2017 көрмесіне қатыспақшы.