11 шіл, 2020 сағат 09:04

Оралдағы үш дәріхана дәрі-дәрмекті қамбатқа сатқан

Оралдағы үш дәріханада дәрі-дәрмекті көтеріңкі бағамен сатқан, деп хабарлайды Қаржы мониторингі комитеті.

Қаржы мониторингі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері дәрілік заттарға бағаны қымбаттатудың 3 фактісін анықтады.

Орал қаласында үш дәріханада «Ингавирин 90», «Ингавирин 60», «Арбидол» дәрілік заттарын шекті құнынан асыра көтеріңкі бағада сатқан.

Дәрілік препараттарды сату кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» бұйрығының нормалары бұзылған.

Қазіргі таңда материалдар Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне айыпты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жолданды.