19 қар, 2019 сағат 03:39

Оралда полиция автокөлігі 21 жастағы қызды қағып кетті

Оралда полиция автокөлігі 21 жастағы қызды қағып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Блогер Айболат Бөкенов facebook парақшасында жариялағандай, оқиға кеше түнде Зачаган кенті «Молодежная» аялдамасы тұсында болды.

Борттық нөмірі 174, мемлекеттік нөмірі 614 KP 07 патрульдік полиция автокөлігі жолдан өтіп бара жатқан қызды қағып кетті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдемге сағат 21.58-де қоңырау шалынды. Бригада 22.05-те жетті.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1998 жылғы қыз зардап шекті.

«Қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілген қыздың жағдайы ауыр. Бас пен мидың ашық жарақатын алған оған ота жасалған. Қазір жансақтау бөлімінде», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.

Әзірге Полиция департаменті оқиғаға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.