19 қар, 2019 сағат 11:13

Оралда қызды қағып кеткен полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Оралда қызды қағып кеткен полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше сағат 22.30-да Жәңгір хан мен Е.Брусиловский көшелерінің қиылысында болды.

Патрульдік қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты, 26 жастағы Ринат Баймұқашев қызметтік көлігімен Орал қаласында тұратын 21 жастағы жүргіншіні қағып кеткен.

Түрлі жарақат алған бойжеткен қалалық көпбейінді аурухананың травматологиялық бөлімшесіне жатқызылды. Ол ашық бас-ми жарақатын алған, бас сүйегіне, миына зақым келген, сондай-ақ оң жақ бұғанасы сынған.

Қазіргі кезде Р.Баймұқашевқа қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі (жол ережесін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

«Сонымен қатар тәртіптік комиссияның шешімімен ол қызмет тәртібін өрескел бұзғаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылды. Сондай-ақ оның тікелей командирлері мен басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Оған қоса, департамент басшылығы зардап шеккен Лариса Бейісованың туысқандарынан қарауындағы қызметкердің іс-әрекеті үшін кешірім сұрап, оған барынша жәрдем көрсетілетінін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полиция автокөлігінің 21 жасар қызды қағып кеткенін жазған болатынбыз.