27 мау, 2017 сағат 12:19

Оралда құрылысы аяқталмаған үйдің жертөлесінен сәби табылды

Оралда құрылысы аяқталмаған үйдің жертөлесінен сәби табылды. Қазір полиция қызметкерлері тастанды баланың анасын іздеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" BNews.kz порталына сілтеме жасап.

Салынып жатқан үй №24 орта мектеп жанында орналасқан. Ғимаратты аралап жүрген күзетші Николай Плотников жылаған баланың дауысын естиді. Ол жертөлеге кіреберіс жерде жатыр екен.

«Баланың беті дәкемен жабылған. Аузында емізігі бар. Мен бірден айналадамдағы адамдарды шақырдым. Полиция мен жедел жәрдемге де қоңырау шалдым», - деді күзетші.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бала шамамен бір жарым айлық. Киімі мен денесі таза, күтімі жақсы болған.

«Оқиға орын алған жерге тергеу тобын шақырдық. Кинологтар итпен жұмыс істеп жатыр. Ит адамдарды көрші үйге апарды. Полицейлер тастанды баланың анасын табу үшін барлық пәтерді тексеріп шығады», - деп мәлімдеді Орал қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Мүсілім Жәрдемов.

Полицейлер баланың туыстарын табуға көмектесу үшін қала тұрғындарына өтініш білдірді. Кез келген ақпаратты 102 нөміріне қоңырау шалып айтуға болады. Медицина қызметкерлері баланың денсаулығы жақсы деп отыр. Қазір ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.